Иллюстрация: Соня Владимирова / Медиазона
Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті — еліміздегі ең көп қаржыландырылатын ведомстволардың бірі. Оны қаржыландыруға жыл сайын жүздеген миллиард теңге бөлінеді. Алайда 2022 жылдың қаңтар айынан байқағанымыздай, қомақты қаражаттың жұмсалуы жақсы нәтиже кепілі бола алмайды — жарты жылдан бері ҰҚК басшылығы билікті басып алуға әрекет жасады деген күдікпен қамауға алынды, ал халықтың арнайы қызметке деген сенімі түпкілікті жойылды. Аталмыш құрылым үшін бұл жағдай бірінші рет қайталанып отырған жоқ. «Медиазона» Орталық Азиядағы қуатты КСРО МҚК-нің мұрагерлері — посткеңестік елдердің арнайы қызметтері жайлы бес мәтін топтамасын ҰҚК-нің тарихы мен оның қазіргі Қазақстан өміріндегі рөлінен бастайды.
Қазақстанда КСРО МҚК-тін реформалау басқа Орталық Азия елдеріндеріне қарағанда анағұрлым баяу жүрді. Бәрі 1990 жылдың наурызында ол кезде әлі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Нұрсұлтан Назарбаев республиканың МҚК лауазымына Николай Вдовинді тағайындауынан басталды — олар 1970 жылдардан бастап Қарағандыда бірге қызмет атқарған кезден таныс болатын. Бұл лауазымда Вдовин 1986 жылдың көктемінде Мәскеу бұйрығымен қызметке тағайындалған Виктор Мирошникті алмастырды.
Вдовин өз қызметінде бір жылдан астам уақыт отырды, артынша 1991 жылдың қазан айында отставкаға кетті. Бұл Тамыз төңкерісі кезінде оның Жоғарғы кеңесте қазақстандық шенеуніктердің бұйрықтарына қарағанда Мәскеуден келген шешімдерге жоғары басымдылық беретінін айтқаннан кейін болды.
Оның орнына Қарағанды облысында ұзақ уақыт жұмыс істеген Болат Баекенов тағайындалды. Дәл соның кезінде 1992 жылдың маусымында «Ұлттық қауіпсіздік органдары туралы» заң қабылданды және 13 шілдеде Қазақстан МҚК-і — ҰҚК-не айналды — бұл күнді арнайы қызмет күштері жыл сайын кәсіби мереке ретінде атап өтеді.
«Сол жылдары біз үшін ең маңыздысы азаматтардың МҚК-не деген теріс көзқарасын өзгерту болды. Шамадан тыс тұйық болғандықтан, МҚК, кейінше ҰҚК білгенін жасайды деген пікір қалыптасқан. Ұлттық қауіпсіздік органдары туралы заңда [комитет] тек қана республиканың, қоғамның, азаматтардың мүдделерін қорғайтыны ерекше атап өтілген. Сонымен қатар, [оның қызметкерлері] ешқашан біреулердің топтық немесе жеке мүдделерін қорғамайды, сондай-ақ оларға қатысы жоқ және құзыретіне кірмейтін қызметте пайдаланылмайды», — деді Баекенов сұхбатында.
Реформа кезеңінде арнайы қызмет қарама-қайшылықтармен күрес бөлімінен айырылып, қарсы барлауды сатып алды. Комитет құрамына шекара әскерлері мен үкіметтік байланыс қызметі де кірді. Алдағы сегіз жылда ҰҚК-ны көптеген қайта құрулар, құрылымдық өзгерістер, департаменттерді иеліктен шығару және қайтару, сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевтың сенім артқан бес басшының ауысуы күтіп тұрды.
Арнайы қызметтердің МҚК мұрасынан арылып, Қазақстан халқының мүддесін қорғауға уәде бергеніне қарамастан, 90-шы жылдардың екінші жартысында жағдай кері тенденцияларды көрсетті. Саясаттанушы және ертеректе саясаткер болған Петр Своиктің айтуынша, сол кезде ҰҚК-ның «екінші түбі» пайда болып, ол ішінара жеке инвестициялар есебінен құрыла бастады.
«Ол ақшаға құрал-жабдықтар сатып алынып, жеке жасақ болып табылатын белгілі бір адамдар тобынан кадрлар жасақталды. Әрине, олар заңға қайшы тапсырмаларды орындады», — дейді Своик.
Оның айтуынша, сол кезден бері ведомство екіге жарылды: ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми құрылымы мен одан бөлек «ресми емес міндеттері бар бейресми мүшелер». Своиктің пікірінше, бұл тамыз төңкерісі кезінде мемлекеттік төңкеріс әрекетінің басында арнайы қызмет күштері болғанымен ақталған.
ҰҚК үшін 2000 жылдар бірқатар ірі қылмыстық істер мен жанжалдар арқасында есте қалды: 2001 жылы бұл Назарбаевтың күйеу баласы Рахат Әлиев ұйымдастырған бизнесмендердің «экономикалық қудалауға ұшырауы», ҚДТ жақтаушыларына қарсы қылмыстық істер, 2006 жылы оппозиционер Алтынбек Сәрсенбаевтың өлтірілуі, 2007 және 2009 жылдары Әлиевтің өзі мен Мұхтар Әблязовтың қудалануы. Мұның бәрі шулы отставкалармен қатар жүріп отырды.
2011 жылғы Жаңаөзен оқиғаларынан кейін арнайы қызмет өзінің ықпалын күшейте бастады, ал 2016 жылғы Ақтөбе мен Алматыдағы террорлық әрекеттерден кейін «терроризмге қарсы қызметке» анағұрлым көбірек көңіл бөліне бастады.
2016 жылы ҰҚК-ны көпшілікке мәлім Кәрім Мәсімов басқарды. Мәсімов бұл қызметте 2022 жылдың қаңтарына дейін болды, содан кейін ол және оның бірнеше орынбасары мемлекетке опасыздық жасады, билікті басып алмақ болды және билікті асыра пайдаланды деген күдікпен қамауға алынды. Сондай-ақ, қаңтардағы наразылықтар кезінде Комитет ғимаратын тастап кеткені үшін үш аймақ департаментінің басшылары қамауға алынды. Осы тұтқындаулардан кейін Қазақстан Президенті ведомство түбегейлі өзгерістерді қажет ететіні туралы мәлімдеді.
1997 жылдың мамырында ҰҚК басшысы лауазымына 43 жастағы контрбарлаушы Әлнұр Мұсаев тағайындалды, сол кездің өзінде ол Назарбаевтың күйеу баласы Рахат Әлиевпен тығыз байланыста болған еді. Солардың келуімен ҰҚК-нің қазіргі кейпі қалыптаса бастады — Мұсаевтың келгеннен кейін комитеттің қызметі екпінді түрде саясилана бастады.
1997 жылы үкіметтің жеке мүшелерінің астананы Ақмолаға көшіру және салу туралы шешімге наразылық білдіруіне, сондай-ақ экономикалық жағдайдың нашарлауына байланысты Министрлер Кабинеті мен Назарбаев арасында дағдарыс туды. Сол жылдың жазында Парламент алдында сөз сөйлеген Мұсаев Бельгия полициясының сол уақытта Швейцарияда жұмыс сапарымен жүрген Премьер-министр Әкежан Қажыгелдиннің жұбайына тиесілі жылжымайтын мүлік туралы деректерін жариялады. Осы уақытта Рахат Әлиевтің бақылауындағы БАҚ-та премьерді сынаған мақалалар шыға бастады.
Қажыгелдин Назарбаевты жиі сынға алып, телеэкранға Президенттің өзінен көп шығып, танымалдылық шыңында болған. Аталмыш айыптаулардан кейін ол өз еркімен отставкаға кетті, оның артынан бүкіл үкімет те таратылды. Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы» кітабында бұл шешімді Министрлер Кабинеті мен оның басшысы «Қазақстан-2030» стратегиясын әзірлеу процесін тежегенімен түсіндірді.
Қазақстан Президенті Қажыгелдиннің отставкасын қабыл алды, бірақ оны өзінен алысқа жібермей, штаттан тыс кеңесші қылып тағайындады. Алайда Қажыгелдин оппозицияға ауысып, 1999 жылғы сайлауға қатысу туралы шешім қабылдады.
Алайда, оған сайлауға қатысуға мүлде жол берілмеді — алдымен оны президенттік бәсекеден автоматты түрде шығарып тастаған кішігірім әкімшілік айыппұл салынды, содан кейін оған қарсы билік пен лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану, бопсалау және бірнеше миллиондық пара алу, салық төлемеу, сондай-ақ қаруды заңсыз сатып алу, сақтау және өткізу туралы қылмыстық іс қозғалды. 1999 жылы бұрынғы премьер-министр елден қашуға мәжбүр болды.
1999 жылғы сайлау кезінде Назарбаев Мұсаевты ығыстырып, оның орнына өзінің ең жақын әрі сенімді өкілі Нұртай Әбіқаевты қою туралы шешім қабылдады.
1999 жылы арнайы қызмет құрылымдарына Назарбаевтың күйеу баласы Рахат Әлиев келді — алдымен ол Алматы қаласы ҰҚК департаментінің басшысы болып тағайындалса, жарты жыл өте Комитет төрағасының орынбасары қызметіне ауыстырылды. 2001 жылдың мамыр айында Әлиев ведомство басшысы лауазымына жаңа тағайындалған Марат Тәжиннің бірінші орынбасары болды.
«Осылайша комитет міндеттерін мұқият әрі орынды үлестіре білді: төраға Тәжин тұжырымдамалық міндеттер мен проблеманы қалыптастырып, Президент пен үкіметті ақпараттық және сараптамалық қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды қолға алса, Рахат Әлиев түрлі сыбайлас жемқорларды, есірткі сатушылар мен халықаралық террористердің көзін құртады», — деп Әлиевке жанашыр ASIOPA басылымы 2001 жылдың жазындағы оқиғаларды суреттеген.
Осы кезде ҰҚК үшін ең саясиландырылған кезеңдердің бірі басталды — ол ірі бизнесмендер мен оппозиционерлермен болған «компромат соғысымен» ерекшеленді. Әлиевке жұбайы Дариға Назарбаеваға және өзіне тиесілі ірі БАҚ көмектесті: элита топтары арасындағы күрес 2001 жылғы «саяси дағдарысқа» алып келді.
2001 жылдың қыркүйек айында Павлодар облысының әкімі Ғалымжан Жақиянов «Таң» телеарнасына берген сұхбатында президенттің күйеу баласы және ҰҚК төрағасының орынбасары Рахат Әлиевті экономикалық қуғынға ұшыратты деп айыптады. Бір ай өте депутат Төлен Тоқтасынов бұл туралы парламентте сөз сөйледі. Ал қараша айында көптеген қазақстандық кәсіпкерлер арнайы қызметтің бопсалауынан қорғауды сұрап президентке жүгінді.
15 қарашада Рахат Әлиев ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары қызметінен кету туралы баянат берді. Қоғамдық резонансқа қарамастан, Назарбаев оны өзінің жақындары қатарынан шығарған жоқ, керісінше онымен бірге «Хабар» телеарнасында эфирге шығып, кейіннен өзінің күзет қызметі басшысының орынбасары етіп тағайындады.
Содан бері Рахат Әлиев күштік құрылымдарда қызмет атқармағанымен, мемлекеттік қызметте қалып, БАҚ-та ықпалын сақтап қалып, «Нұрбанктің» ірі акционері атанды. Кейіннен оның алғашқы қылмыстық ісі дәл осы қаржы ұйымымен байланысты болады — 2007 жылы Әлиев банктің екі топ-менеджерін ұрлады деген күдікке ілінеді.
Тергеу басталған кезде Австрияда елші қызметін атқарып жүргендіктен, Назарбаевтың үлкен күйеу баласына үкімді сырттай шығарды.Әлиев 20 жылға бас бостандығынан айрылды. ҰҚК басшысының бұрынғы орынбасары болған оқиғаны Назарбаевпен арадағы келіспеушілігімен және қылмыстық іс басталар алдында қайын атасына 2012 жылғы президенттік сайлауға түсуге ниетті екенін хабарлауымен түсіндірді.
Кейінірек бұрынғы күштік құрылым қызметкері және медиамагнат үстінен тағы 20 жылға сотталды, бірақ бұл жолы ҰҚТ құру және оны басқару, билікті күшпен басып алу, мемлекеттік құпияларды жариялау, қару-жарақтың заңсыз сақталуы мен тасымалдануы, сондай-ақ мемлекеттік қаражатты ірі көлемде жымқыру әрекеттері үшін айыпталды. Осы іс бойынша ҰҚК-нің бұрынғы басшысы және Әлиевтың досы Әлнұр Мұсаевты 20 жылға бас бостандығынан айыру туралы сырттай үкім шығарылды.
2011 жылы банктің ұрланған топ-менеджерлерінің мәйіттері табылғаннан кейін Қазақстан Австриядан Рахат Әлиевті экстрадициялауды тағы сұрағанымен, оған қол жеткізген жоқ. Тек 2014 жылы Вена полициясы қазақстандықты оған тағылған айыптар үшін қамауға алды. Бір жылдан кейін Әлиев өз камерасының ванна бөлмесінде асылып қалған күйінде табылды.
Кәрім Мәсімовтің ҰҚК басшысы лауазымында жұмыс істеген алты жылға жуық уақыт ішінде ведомство жұмысының қағидаттары көп өзгеріске ұшыраған жоқ — оның қызметкерлері Қазақстан билік өкілдерінің мүдделерін қорғауды жалғастырды. Арнайы қызмет әлі де барлық митингілерге жасырын қатысып, оппозиция өкілдерін қудалап, белсенділерге қысым көрсетіп отырды.
«Наразылық білдірушілердің митингілері үлкен қауіп төндіретіні немесе бірдеңені тартып алмақ болғаны үшін емес, билікті тітіркендіретіні үшін таратылады. Қазіргі әдістер 30-70 жылдардағыдан сәл жұмсақтау, бұл ауқымды қысым емес, алайда қызметке тарту мен қорқыту дәл сол кездегідей», — деп түсіндіреді құқық қорғаушы Евгений Жовтис.
Қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде комитет төрағасы Кәрім Мәсімов мемлекетке опасыздық жасады, билікті басып алмақ болды және билікті асыра пайдаланды деген күдікпен қамауға алынды. Онымен бірге оның екі орынбасары — Әнуар Садықұлов пен Дәулет Ерғожин қамауға алынды. ҰҚК-нің бес департаментінің басшылары қызметтегі әрекетсіздік ісіне ілікті.
«ҰҚК бұған дейін де қарама-қайшы істерге киліккенімен, Мәсімовтың басшылық ету кезінде Ұлттық қауіпсіздік мәселелеріне қатысы жоқ және тек оның жеке мүддесін қорғайтын өрескел міндеттерді орындай бастады. ҰҚК елдегі билікті ауыстыруға белсенді түрде араласып отырды. Назарбаев өз өкілеттігін, оның ішінде күш құрылымдарын басқаруды Тоқаевқа тапсыра бастаған кезде, Мәсімов өзінің отставкаға кетуі туралы мәселе туындайтынын түсініп, арнайы қызмет күштерін арандатуға және қаңтардағы наразылықтарды қоздыруға бағыттаған», — деп болжайды саясаттанушы Данияр Әшімбаев.
Кейіннен наурыз айында ҰҚК Мәсімовтен элиталық жылжымайтын мүлік, бизнес-кластағы автомобильдер, 17 млн доллар қолма-қол ақша мен басқа да «көптеген сән-салтанат бұйымдарын» тапты.
ҰҚК-дегі «қастандық» аясында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «бүкіл ұлттық қауіпсіздік жүйесін түбегейлі қайта құруды» жариялады. Бұл ретте қазақстандық саясаттанушы Димаш Әлжанов кезекті қайта құру осы ұйымның мәніне әсер етуі екіталай деп пікір білдірді.
Құқық қорғаушы Евгений Жовтис те қайта құрылымдау айтарлықтай нәтиже бермейді деген пікірде. Ол ел Тәуелсіздігінің 30 жылында құқық қорғау органдарына ешқандай әсер етпеген ондаған реформаларды мысалға келтіреді.
«Тәуелсіз БАҚ пен мықты азаматтық қоғамның маңызы өте зор. Олар бірігіп арнайы қызметті қазіргі биліктің қарсыластарына қатты қысым жасай алмайтындай етіп бақылауға ала алады. Ал авторитарлық режимде бұл өте қиын, өйткені бізде парламентте де, жергілікті мәслихаттарда да тәуелсіз БАҚ пен оппозиция жоқтың қасы. Ал оларды кім басқарады? Өздері кімнің мүддесіне жұмыс жасаса, дәл сол адамдар басқарады», — деп түсіндіреді Джовтис.
Саясаттанушы Данияр Әшімбаев та осындай пікірде. Ол қазір мәселе ҰҚК-ны қалай қайта құру немесе түрлендіруде емес, оның қызметінің тиімділігін бақылауды қалай қамтамасыз етуінде деп есептейді.
Димаш Әлжановтың пікірінше, ҰҚК — маңызды құрылым, алайда саяси режимді өзгертпей, оны бақылауда ұстау мүмкін емес: «Біз саяси тығырыққа тірелдік, қоғамның наразылық акцияларынан өзге саяси қарсылығын білдіретін немесе өзгерістер талап ететін мүмкіндігі жоқ. Солар арқылы және реформалауды жалғастыра отырып біз саяси жүйені ашып, биліктің бөлінуіне қол жеткізіп, ҰҚК-ні күшті парламенттік қадағалауға алуға тиіспіз. Қоғам Парламенттегі өз өкілдері арқылы елдегі арнайы қызметтер мен жалпы күштік құрылымның қызметін қадағалауы тиіс».
1999 жылы Қазақстан Солтүстік Корея үкіметіне 40-қа жуық кеңестік МИГ жойғыш ұшағын сатқаны белгілі болды. Болған іс халықаралық жанжалға ұласты. Осыған байланысты Оңтүстік Корея Қазақстанға КХДР-ға әскери техниканың заңсыз жеткізілуіне байланысты наразылық білдірді, ал АҚШ Мемлекеттік департаменті мәміленің барлық мән-жайлары анықталғанға дейін елге қаржылық көмекті тоқтата тұратынын мәлімдеді.
Қазақстан билігі жойғыш ұшақтар контрабандасына ешқандай қатысымыз жоқ деп мәлімдеп — барлық кінә Президенттің кеңесшісі Александр Петренко мен Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевқа жүктелді.
Айыпталушылардың адвокаттары мәміле Министрлер Кабинеті қол қойған құжаттар бойынша өткенін, ал жүктің қозғалу бағыты ҰҚК-нің қарсы барлау Департаментінің тұрақты бақылауында болғанын мәлімдеген. Ертаев пен Петренконың айтуынша, оларды қудалау қару экспортынан пайда табатын жоғары лауазымды шенеуніктерді жасыру үшін ҰҚК басшылығымен ұйымдастырылған арандату жұмыстары деп сендірді.
Болған оқиғадан кейін сол кездегі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болған Нұртай Әбіқаев қару экспортын жеткіліксіз бақылағаны үшін отставкаға кетті. Жаңа лауазымын ол 1998 жылдың қыркүйегінен 1999 жылдың тамызына дейін бір жылға ғана сақтап қала алды. Бірақ 11 жылдан кейін ол ҰҚК басшысы лауазымына қайта оралып, онда 2015 жылға дейін қызмет атқарды. Бұл Қазақстан тарихында бір адамның комитет төрағасы лауазымына қайта орала алған жалғыз жағдай.
2006 жылдың ақпан айында оппозициялық саясаткер және бұрынғы ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбаевты өзінің оққағары Бауыржан Байбосынмен және жүргізушісі Василий Журавлевпен бірге ұрлап әкеткен. Бірнеше күн өткеннен кейін олардың денелері Алматы облысының Талғар ауданынан табылды.
Тергеу пікірі бойынша кісі өлтіруге Сенат аппаратының басшысы Ержан Өтембаев тапсырыс берген, ал оған көмектескен полиция қызметкері Рустам Ибрагимов болды. Олармен бірге іс бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Арыстан» арнайы бөлімшесінің сегіз офицері өтті. Сот Өтембаевты 20 жылға бас бостандығынан айырды, бірақ кейіннен жазаны 13 жылға дейін жеңілдеткендіктен, ол ҚІБ бойынша бостандыққа шықты. Ибрагимов өлім жазасына кесілді, бірақ мораторийге байланысты оның жазасы өмір бойына бас бостандығынан айыруға ауыстырылды. ҰҚК қызметкерлері үш жылдан 14 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
ҰҚК қызметкерлерінің тапсырыспен кісі өлтіруге қатысқаны белгілі болған кезде, сол уақытта ведомство басшысы қызметін атқарған Нұртай Дүтбаев отставкаға кетті.
«Мен Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқаруға моральдық құқығым жоқ деп санап, отставкаға кетуге өтініш жаздым. Өтініш қабылданды. Бұл "қасқырлар", әрине, заңға сай қатаң жазаға тартылатыны сөзсіз, бірақ тұтастай алғанда, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, оның қызметкерлері әрқашан тәуелсіз елімізге, Қазақстан халқына адал болып, өздерінің әскери еңбектерін абыроймен және намыспен орындайтынын атап өткім келеді», — деді Дүтбаев журналистер алдындағы брифингте.
Сол жылдары «Қазақстанның демократиялық таңдауында», одан кейін «Азат» партиясының құрамында болған саясаттанушы Петр Своик өзі де арнайы қызметтің қысымына жиі ұшырағанын айтады. Оған ашық түрде бақылау жүргізіліп, сонымен қатар видео-бейнелер арқылы бопсалады.
«Алтынбек Сәрсенбаев Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болған кезде, отырыста менің көзімді құрту туралы мәселе туындағанын айтып берген. Мен әр жексенбі сайын баратын Медеудің тік жолынан ұшып кетуім үшін, олар көлігімдегі тежегішті кесіп тастамақ болған кезде, Сәрсенбаев қарсы шыққан. Ол "егер біз қарсыластарымызды өлтіре бастасақ, соңында бір-бірімізді өлтіре бастаймыз" деген. Көп ұзамай оның өзін өлтіртті», — деп еске алады Своик.
2016 жылы ҰҚК-нің басқармасына Кәрім Мәсімов келген кезде, Нартай Дүтбаевтың өзі де тергеуге ілінді. Дүтбаев мемлекеттік құпияларды жариялау мен лауазымдық өкілеттілікті асыра пайдалу ісі бойынша күдікке ілінді. Аталмыш іс аясында сот ҰҚК-нің бұрынғы басшысын жеті жылға колонияда жазасын өтеуге үкім шығарды. Кейіннен Дутбаевтың мерзімі 12 жылға дейін ұзартылды: ол билікті асыра пайдаланғаны, сеніп тапсырылған мүлікті иемденгені және ақша жылыстатқаны үшін сотталды. Осыған қарамастан, 2020 жылы ол МБШБ арқылы түрмеден шықты.
2005 жылдан бастап ҰҚК мен Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің арасында қызу бәсекелестік басталды. Барлығы сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоға құрылымды қайта құра алған Сарыбай Қалмырзаевтың келуінен басталды, ол тек Президентке ғана есеп беретін болды әрі өзінің барлауы, арнайы мақсаттағы жасақтары мен мінсіз техникалық жабдықтарымен арнайы қызметтер деңгейінде жасақталған болатын.
Күштік құрылымдар арасындағы күрес Алматы облысындағы жоғары лауазымды және табысты қызмет орындарына өз адамдарын тағайындау мақсатында жүрді. Осыған байланысты екі ведомство қызметкерлері кезек-кезек қылмыстық қудалауға ұшырап отырды. Мысалы, 2007 жылы қылмыстық істердің біріне Қалмырзаевтың немере інісі Жамбыл облысы бойынша қаржы полициясы департаменті бастығының орынбасары Жақсылық Өмірзақ ілікті. Ол пара бопсалаған деген күдікке алынды.
2009 жылдың қараша айында Алматы қаласы бойынша ҰҚК департаментінің қызметкерлері қаржы полициясы департаменті бастығының бірінші орынбасары Айдын Жантелеевті есірткі сақтады деген күдікпен ұстаған кезде жанжал шарықтау шегіне жетті. Қаржы полициясы комитет әрекеттерінің заңдылығына күмән келтірген болса, ҰҚК өкілдері қаржы полициясы атына ашық сын айтты. Осыған байланысты тергеу прокуратураға жіберілді.
Екі аптадан кейін, 2 желтоқсан күні Жантелеевке қарсы қылмыстық іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды. Осыдан кейін ҰҚК тергеушілерінің өздеріне қарсы өкілеттікті асыра пайдалану туралы қылмыстық іс ашылды. Сондай-ақ, Жантелеевке есірткі жеткізгені туралы куәлік берген комитет куәгерлерінің бірі де тергеуге түсті. Ол есірткі заттарын заңсыз сатып алу, сақтау және ірі мөлшерде сату ісі бойынша күдікке ілінді.
Сол күні Жәмила Жәкішева комитет мүшелері сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікке ілінген күйеуі, «Қазатомөнеркәсіптің» қамауға алынған басшысы Мұхтар Жәкішевтен жауап алу сәті түсірілген видео YouTube желісіне тарап кеткені үшін ҰҚК-ні сынға алды. Оның айтуынша, ақпарат тарамас бұрын ҰҚК басшысы Амангелді Шабдарбаевтың өзі оған бейнежазбаны беріп, бұл ақпаратты Нұрсұлтан Назарбаевқа өзі жеткізу керектігін тұспалдаған.
Бас прокуратураның Жантелеев ісі туралы мәлімдемесі мен Жәмила Жәкішеваның сөйлеген сөзінен бес өткен соң Қазақстан президенті Шабдарбаевты ҰҚК басшысы қызметінен босатты. Сондай-ақ, Алматыдағы ҰҚК департаментінің басшылары да жұмыстан шеттетілді. Бұл раундта МҚК мұрагерлері жеңіліс тапқанымен, кейінірек олар Мемлекет басшысының қайта ие болды, әсіресе 2014 жылы Назарбаев олардың ең басты бәсекелесін қысқартқаннан кейін, оларды ұзақ жылдарға созылған мамыражай өмір күтіп тұрды.
Аударған: Дана Тұрғынбай