«ҰҚК‑ліктердің бірі тіпті дуалға шығып кетті». Qaznews24 сатиралық парақшаның авторы ізіне түскендер, қылмыстық іс және Құдайша дәріптелген Елбасы жайлы
Статья
26 июля 2022, 12:30

«ҰҚК‑ліктердің бірі тіпті дуалға шығып кетті». Qaznews24 сатиралық парақшаның авторы ізіне түскендер, қылмыстық іс және Құдайша дәріптелген Елбасы жайлы

Иллюстрация: Борис Хмельный / Медиазона

Мамыр айының соңында Qaznews24 сатиралық жаңалықтар аккаунты бір жылдық үзілістен кейін жаңа жарияланымдармен қайта оралды. Парақшаның авторы Темірлан Еңсебек жалған ақпарат тарату туралы іс бойынша әлі күнге дейін қорғау құқығы бар куәгер мәртебесінде тергеуде тұр. Бір жыл ішінде ол қоқан-лоққы, тінту, жауап алу, ізіне түсу, тыңдау мен эмиграцияны басынан өткергеннен кейін, отанына қайта оралып, қазақстандық шенеуніктер мен депутаттарды күлкіге айналдыруды жалғастырды. «Медиазона» Қазақстандағы алғашқы әзіл-сықақ Instagram-парақшасының пайда болуы мен биліктің оны жабуға тырысып бағуы жайлы әңгімелейді.

«Зұлымдық таратушы»

26 жастағы алматылық Темірлан Еңсебек — Oyan, Qazaqstan саяси қозғалысының қолдаушысы. 2021 жылдың сәуір айында ол ресейлік «Панорама» сатиралық басылымнан шабыт алып, Қазақстанда соған ұқсас Qaznews24 Instagram аккаунтын құрды. Әзілқой жаңалықтар елдің назарын бірден өзіне аударып, аккаунтқа тек жазба мазмұнына сенген қолданушылар ғана емес, ірі Instagram-топтар да сілтеме жасай бастады.

Сатиралық мазмұн туралы дисклеймерге қарамастан, билік өкілдері Еңсебектің әзілдерін жоққа шығара бастады. Мысалы, ІІМ жылына бір реттен жиі шетелге шығу туралы тыйым жайлы ақпаратты жоққа шығарып, жалған ақпарат таратқандар үшін қылмыстық жауапкершілік бар екендігін еске салды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) екі жаңалықты жоққа шығарды: ҚМДБ Нұрсұлтан Назарбаевқа Құдай мәртебесін беріп, оны Конституцияда бекіту және Бас мүфтидің Қазақстанда гетеросексуалды қатынастарды насихаттауға тыйым салуды ұсынғаны туралы.

Дінбасылар бұл жазбаларды «арандатушылық ақпарат» деп атап, өздерінің мәлімдемелерінде Құран сүрелерінен дәйек келтірді: «Алла зұлымдық таратушыларды жақсы көрмейді» және «Әй мүміндер! Бұзық біреу хабар келтірсе, оны анықтаңдар. Әйтпесе білмей бір елге кесірлерің тиіп, істегендеріңе өкінесіңдер». Еңсебектің айтуынша, оның Назарбаев пен дінбасылар туралы әзілі ең сәтті шыққаны әрі сүйіктісі.

Осы уақытқа дейін Еңсебек топты анонимды түрде жүргізіп, билік реакциясынан қорықан емес. Бірнеше апта ішінде ол 5,5 мың жазылушы мен миллион көрермен жинады. Qaznews24-тің авторы 2021 жылдың 29 сәуірінде оған қарсы фишингілік шабуылдар басталғанын айтты.

«IP-мекен-жайыңмен бөлісуге болатын күдікті сілтемелерді жіберді. "Мен мұнда күшті жаңалық таптым, өтініш, қарап, пікіріңді қалдыршы" деген секілді хабарламалар келді. Байқасам ол жерде, айталық, tengrinews.kz орнына tengrinews.org», — деп еске алады Еңсебек.

30 сәуір күні оған беймәлім парақшадан оны тауып алып, кім екендігі және мекен-жайы анықталғаны туралы хабарлама келді. Парақшасында не оқырмандары, не фотосуреттері жоқ пайдаланушылар оны кездесіп, «әңгімелесуге» шақырды. Есенбек одан бас тартты.

«Сол кезде "Біздің ұсынысымызға келіспейді екенсінң, көп ұзамай салдарын көресің" деген хабарлама келді. Екі сағаттан кейін менің бірнеше ай бұрын ғана көшіп келіп, әлі тіркеліп үлгермеген пәтерімнің есігін әскери комиссариаттан келген адамдар қақты. Сол кезде олар менің кім екенімді білетінін түсіндім», — дейді Еңсебек. Ол парақшаның жұмысын тоқтатып қойды.

Тінту және жауап алу

15 мамыр күні түсте Темірланның пәтерінің есігін біреу қақты. «Кім» деген сұраққа: «ПИК. Ашыңыздар» деп жауап берді. Есіктің ар жағында тергеуші, үш жедел уәкіл, камерасы бар криминалист пен куәгерлер тұрды, деп еске алды Qaznews24 негізін қалаушысы. Оны Астана ауданаралық мамандандырылған тергеу сотының жеке тінту және үй-жайды тінту туралы қаулысымен таныстырды. Сол кезде Еңсебектің ұялы телефонын алып кетті, алайда жұбайының ұялы телефонын пайдалануға рұқсат берді. Журналистер мен белсенділерге тінту туралы хабар берген де сол болатын.

«Тінту ұзақ жүрді, барлығын мұқият іздеп, тексерді. Пәтердің астан-кестенін шығарып, үйдегі бүкіл техника, макбук, iPhone 11 және тағы бір смартфонды алып кетті. "Қазақтелекомға" тиесілі және цифрлық тасымалдаушы болып табылмайтын тағы бір модемді алып кетті. Әлі күнге дейін ештеңені қайтарған жоқ», — деп атап өтті Енсебек.

Тінту жұмыстарынан кейін белсендіні жауап алуға Алматы полиция департаментіне жеткізіп, сол жерде шамамен бес сағаттай ұстады. Белсенді сотқа дейінгі тергеу деректерін жарияламау туралы қолхат бергендіктен,  жауап алу кезінде не болғаны жайлы айта алмайды.

«Осы уақытқа дейін бұл жайттың мағынасыздығы жайлы ойладым. Сот қаулысында әлеуметтік желілерді мониторингілеу барысында Елбасы, президент Тоқаев пен министрлер туралы жалған ақпарат таратқан Qaznews24 парақшасы табылған деп жазылған. Парақшаның авторы 29 сәуірде сағат 16:40-та табылды. Мұны оқып отырып менің күлгім келді. Олар мені табу үшін жай ғана менің телефонымды бұзып кіріп, оны сот шешіміне тіркеп қойды! Жауап алу кезінде де мен мұның бәрі әзіл екенін түсіндіруге тырыстым. Егер мен парақшамда барлық жаңалықтар ойдан шығарылған, әрі бұл жай ғана сатира деп ескертіп отырсам, мен қалайша жалған ақпарат тарату туралы бапқа іліге аламын», — деп ашуланады Еңсебек.

Qaznews24 қазірдің өзінде оқырмандарға бұл — сатиралық жаңалықтар агенттігі екенін, «адамдармен және оқиғалармен сәйкестіктердің барлығы таза кездейсоқтық» деп ескертуді жалғастыруда. Бірақ аудиторияның бір бөлігі оларды әлі де шындық деп қабылдайды.

«Біреулер өзінің ашуын жазба астына пікір ретінде қалдырып отырды. Мен үшін бұл бір жағынан халықтың сауаттылығын тексеретін әлеуметтік эксперимент секілді. Қазақстанға сатиралық басылым жетіспейтінін сезетінмін. Оның үстіне бұл адамдардың коронавирус туралы жалған ақпараттарға сеніп, бетперде киюге, вакцинациялауға қарсы шаралар өткізіп жатқан уақыт болатын. Менің бір түсінбейтінім неге соларды ұстамайды? Олар мемлекет пен халықтың қауіпсіздігіне қауіп төндіреді», — деп санайды жоба авторы.

Аңду мен эмиграция

Жауап алған күннің ертеңіне Еңсебек пен оның әйелі тінту жұмыстарынан кейін астан-кестені шыққан пәтерде отырып, оны жиыстыруға да шамалары келмеді. Ерлі-зайыптылар серуендеп, кофе ішіп қайтпақшы болды. Еңсебек олар подъезден шыққан бойда, арттарынан кофеханаға дейін аңдып барған ер адамды байқағанын айтты.

«Бірінші күні бұл қызық болып көрінді. Жұбайым екеуміз тіпті бәрі кинодағыдай деп әзілдестік. Ол бізден адасып қалып, бастығынан ұрыс естімес үшін әдейі баяуырақ жүрдік. Бір сәтте біз оны жоғалтып алып, тіпті алаңдай бастадық, бізді тауып алсын деп, артқа қайтып оралдық. Содан кейін бұл аңдулар барған сайын арта түсті», — дейді Темірлан.

Белсендінің ізіне ашық түсу оқиғаларының бірі Алматы орталығындағы мейрамханада болған. Ол шылым тартуға көшеге шығып, кездестіріп қалған сыныптасына телефонынан өзі туралы жаңалықтарды көрсетті. Сол кезде 5-6 адам оларға жүгіріп келіп, оның смартфонына «үңіліп қарағанын», еске алады Еңсебек.

«Бірде кафеде отырсам, олар көрші үстелге жайғасқан. Мен қайда барсам да, камераларына түсіреді. Ал көлік айдаған сәттерде, артымнан екі-үш машина аңдитын. Мен тоқтағанда, олар да тоқтайтын, мен газға басқанда, олар да басатын. Ол машиналардың бірі есімде, кейін оны ата-анамның үйінің қасынан көрдім. ҰҚК-ліктердің бірі тіпті дуалға шығып алып, ата-анамның ауласын суретке түсірді», — деп қосты белсенді.

Qaznews24 жүргізуден бөлек парақша авторы жұбайымен бірге Грузия еліне турлар ұйымдастырумен айналысады. Өткен жылдың мамырында олар туристік маусымның ашылуына дайындалып, айдың басында билеттер сатып алды.

Темірлан Еңсебек. Фото: жеке мұрағат

Жұмыс сапары кезінде олар қашқынға айналуға шақ қалды. Еңсебек ұшу алдында паранойяға ұшырағанын, өзіне қауіп төніп тұрғанын сезінгенін, ал шетелде отанына оралу қорқынышы болғанын айтады. Комик жаз бойы Грузияда болып, ақырында Қазақстанға оралды.

24 қарашада Темірланның поштасына Apple-дан хат келді. Одан бір күн бұрын корпорация израильдік NSO Group компаниясын адамдарды телефондары арқылы бақылауға арналған Pegasus тыңшылық бағдарламасын әзірлегені үшін сотқа беретіндігін мәлімдеді.

Apple хатында Еңсебектің тыңшылық бағдарлама жасақтамасы арқылы мемлекет шабуылының нысанына айналғаны мүмкін екендігі жазылған. Amnesty International қауіпсіздік зертханасы белсендінің, оның әйелінің, сондай-ақ Oyan, Qazaqstan мүшелерінің телефондарында Pegasus ізін тапқан.

Тек қана қалжын

Qaznews24-тің барлық контентін тергеу лингвистикалық сараптамаға жіберді. Оның нәтижелерін Темірлан мен оның адвокаты Жанар Балғабаева тек 2022 жылдың мамыр айында ғана алды. Әзілкештің айтуынша, сарапшылардың тұжырымы оның пайдасына шешілгені анық болған. «Сарапшылар менің жазбаларымда тек әзіл ғана деген деген қорытындыға келді. Істі тоқтату үшін бұл бұлтартпайтын негіз», — дейді парақшаның авторы.

Адвокаттың пікірінше, бұл істі тоқтату үшін парақшаның басты бетіндегі арнаның сатиралық екендігі және шынайы жаңалықтармен ешқандай байланысы жоқ деген ескертудің өзі жеткілікті. Балғабаева кейбір жоғары лауазымды шенеуніктер істі сотқа дейін жеткізуге ниетті болуы мүмкін екенін айтады. Жүргізілген филологиялық сараптама нәтижелері Qaznews24 жарияланымдары әзіл мен сатира екенін растағаннан кейін тергеу одан бөлек саяси сараптама тағайындады.

Қорғаушы Темірланның парақшасы көпшілікке танымал екендігін растайды. Мәселен, омбудсмен Эльвира Әзімованың полицейлердің азаптаулары адам құқығын бұзбайды деп айтқаны-мыс біреу дереккөзге назар аударғанға дейін адвокаттардың чатында ұзақ уақыт бойы қызу талқыға түскен.

Лингвистикалық сараптаманың нәтижелері, кінәсіздігіне деген сенім, парақшаның жетістігі, цензураға тыйым салу туралы Конституцияның 20-бабы — мұның бәрі тінту жұмыстарынан кейін бір жыл өтуге шақ қалғанда Еңсебекті медианы қайта жандандыруға итермеледі. Ол суреттердің дизайнын шамалы өзгерте отырып, бүгінгі Қазақстан жайлы шындықты соңғы тақырыптар мен мемдерді пайдалана отырып жеткізуді белсенді түрде жалғастыруда, мәселен: «Тоқаев — жолбарыс», референдум, экономикалық дағдарыс, қаңтардағы наразылықтар, азаптаулар.

Оқтын-оқтын Еңсебектің кей жарияланымдары шындыққа өте ұқсас болып келеді. 3 маусымда Qaznews24-те Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың қалжынды дәйексөзі келтірілген пост пайда болды: «Егер ештеңе сатып алынбайтын болса, бағаның өсуі проблема болып табылмайды». Ал 13 маусым күні Қуантыров шын мәнінде қазақстандықтарға «бюджет пен артық шығындарын оңтайландыруға» кеңес берді.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Петербург Халықаралық экономикалық форумында (ПХЭФ) Владимир Путиннің алдында отырып ДХР мен ЛХР-ді тәуелсіздігін мойындауға келмейтін «квазимемлекеттер» деп атаған сөздерінен кейін Еңсебек «Қазақфильм» Тоқаевтың ПХЭФ-те Симоньянға қалай жауап бергені туралы фильм түсіреді деген қалжың ойлап тапқан.

Сол арада Президенттің телерадиокешені Тоқаевтың «ПХЭФ-2022» форумына қатысуы туралы деректі фильмнің көрсетілімін жариялады. Ал Шымкенттегі қазақ-түрік лицейінің қазақстандықтарды ЛГБТ-ның «Мақтаныш айымен» құттықтауы ҚТЛ оқушылары мен қызметкерлерінің наразылық толқынын тудырды. Мектеп әкімшілігі авторды оқу орнының беделіне нұқсан келтіргені үшін сотқа береміз деп қорқытты.

Темірланның айтуынша, қылмыстық іс бойынша айыпталушыға айналғаннан кейін оның өмірі күрт өзгерді. Грузиядан үйге оралу үшін оған қорқынышын жеңуге тура келді. Сонымен қатар, медиада жұмыс істеуге деген ықыласы да арта түсті. «Маған қарсы репрессия жүргізілді деп санаймын. Мен бұған лайық емес едім, қазір де лайық емеспін. Менің еш кінәм жоқ, әрі Конституцияның 20-бабы мені қорғайды», — деп есептейді Еңсебек.

«Менің ойымша, мен әзілдеген министрлер мен депутаттардың көпшілігі бұны шынайы нәрсе ретінде қабылдамай, көңілдеріне алмаған секілді. Бұл жеке бір адамның, белгілі-бір жас депутаттың реніші болуы мүмкін, —дейді парақша иесі. — Екінші жағынан, адамдардың көбісі маған әзіл-оспақтың күшті қару екенін ескертіп, біздің шенеуніктердің күлкіге айналғысы келмейтінін"айтады».

Аударған: Дана Тұрғынбай