Иллюстрация: Лиза Ложка / Медиазона
Қазақстандағы қаңтар оқиғаларының салдарынан құрбан болған бейбіт тұрғындар саны ұзақ уақыт бойы белгісіз болып келді. Болған оқиғаның көрінісін шамамен елестету үшін азаматтық белсенділер қайтыс болғандардың аттарын өздері жинай бастады. Бейбіт тұрғындар арасындағы құрбандар туралы алғашқы ресми мәліметтерді Бас прокуратура 15 қаңтардың кешінде бірақ жариялап, 225 адам қаза тапқаннын айтты. Алайда, құқық қорғаушылар бұл сандарды төмендетілген деп санайды, ал әлеуметтік желілер мен БАҚ-та қайтыс болғандар туралы жаңа ақпараттар пайда болуда. «Медиазона» қаңтардағы толқулар кезінде туыстарынан айырылған бірнеше қазақстандықтың оқиғаларын баяндайды.
73 жастағы Қуат Биткенбаев пен оның 64 жастағы зайыбы Гүлзифа Құлсұлтанова төртінші қаңтардан бастап Алматыдағы туысқандарының үйінде қонақ болып, сыртқа шықпаған болатын. Алайда үш күн өте Саяхат автовокзалының маңайында орналасқан үйлеріне оралмақшы болды. Зейнеткерлер автокөлікпен әл-Фараби даңғылымен Назарбаев көшесіне қарай жүріп, коменданттық сағатқа дейін үлгереміз деп үміттенген. Бірақ Республика алаңына жақын маңда олардың көлігі оқ астында қалып, өртке оранды. Ерлі-зайыптылар қауіпсіздік белдіктерін шешіп үлгермей тірідей өртеніп кетті.
Зейнеткерлердің кенже ұлы Дәурен Бикебаевтың айтуынша, сол күні кешкісін ата-анасы оны әл-Фараби және Шашкин көшелерінің қиылысындағы пәтеріне жеткізіп, өздері әрі қарай кеткен. Сол күні Биткенбаевтардың қызы бірнеше сағат бойы ата-анасына хабарласа алмағандықтан әбден уайымдаған. Болған оқиғадан бейхабар туыстары ертеңгісін қарт ата-аналарының жағдайын сұрауға барады. Үйден не ата-анасын, не көлікті таба алмаған Дәурен, адам жоғалғаны туралы арыз беру үшін жақын маңдағы полиция бөлімшесіне жүгінеді.
«Әпкем екеуміз АІІБ-ға бардық. Арызды әпкем жазды, ал мені тіпті ішке кіргізбеді. Бірақ сол кездің өзінде, қауесеттерден ата-анамыздың көлікте атып өлтірілгені белгілі болды. Сол кезде оларды тірідей таба алмайтынымды түсініп, ең болмағанда денелерін таппақшы болдым», — деді Биткенбаев.
Алматы тұрғыны сегізінші қаңтар күні барлық ауруханалар мен мәйітханаларды шарлап шығып, ешқандай мағлұмат таппағанын айтты. Ал Қазыбек би — Байтұрсынов көшелерінің қиылысында орналасқан қалалық мәйітханаға туыстары тіпті бірнеше рет барған. Дәурен ғимараттың алдында бірнеше сағат бойы кезекшілікте тұрып, қатты суық тигізіп алады. Ата-аналарының мәйіті осы мәйітханада болып шыққанына қарамастан, олардың денесі тек ДНҚ сараптамасы арқылы тұлғалары расталғаннан кейін ғана табыс етілді.
Биткенбаевтың айтуынша, тергеушілер зейнеткерлердің өртеніп кеткен көлігін тауып, 9 қаңтарда туыстарын тану процессіне шақырған кезде, ол сараптаманың көмегінсіз-ақ өзінің ата-анасы екенін түсінген. Өртеніп кеткен автокөлік сол уақытқа дейін Республика алаңының жанында тұрғаны белгілі болды. Биткенбаевтардың балалары қала орталығында бірнеше күн бойы тұрған көлікке келген сәтте, оны күтпеген жерден айып тұрағына алып кетті. Көлік аман қалған мемлекеттік нөмір бойынша дереу анықталды.
«Оқ астында қалған автокөліктің корпусынан 50-ге жуық тесік табылған. Салонның ішіне тастай салған мемлекеттік нөмірді де таныдым. Ішінен анамның телефонын, орындыққа жабысып қалған үйдің кілті мен бас сүйектің бөлігін, әкемнің жамбас сүйегін және қаңқа бөліктерін таптым. Олар сараптамаға бәрін алмағандықтан өзімізге пакеттерге жинап салуға тура келді. Содан соң полицейлер бәрін қайта шығартып, өздері үшін суретке түсіруге мәжбүр етті. Бұл бізді мазақ қылғандай әрекет болды», — деп түсіндірді қазақстандық.
Биткенбаевтың айтуынша, мәйіттерді прокуратурада істейтін таныстарының көмегімен тек 11-ші қаңтар күні әкете алды. Бұған дейін қауіпсіздік қызметкерлері туыстардың өтініштерін мүлдем елемей келген — Дәуренді полиция бөлімшесіне жібермегенімен қоймай, телефон қоңырауларына да ешкім жауап қатқан жоқ. Отбасы мүшелеріне ата-аналарының күйген сүйектері салынған пакетті берген кезде, қайтыс болу туралы анықтамада «мәйіттер өртеніп кеткендіктен, өлімнің себебі анықталмады» деп көрсетілген. Көлік шұрық тесік болғанына қарамастан, тергеушілер баллистикалық сараптама жүргізбеген.
Дәурен оқиғаның егжей-тегжейін Республика алаңында тұратын куәгерлерден білді — олар оған ата-анасының өртеніп жатқан көлігінің видеосын көрсетті. Олардың айтуынша, көлікке әскерилер оқ атқан, кейін оны полиция қызыметкерлері де растаған. Полицияның мәлімдеуінше, атыс кезінде қауіпсіздік күштерінің өздері де зардап шеккен.
Биткенбаев ата-анасын тек 12 қаңтарда жерлей алды. Қазір отбасы мүшелері тергеу нәтижелерін күтуде. Туыстар бейбіт адамдардың өліміне кінәлілер жазасын алуы керек деп санайды. «Мен мұны жасағандардың ең болмағанда кешірім сұрағанын қалаймын. Барлығы оқ атқан әскерилер екенін түсініп отыр, біреулер мергендер атқан деп санайды, алайда олардың көзі соқыр ма?! Көлікте ақ самайлы зейнеткерлер отырғанын көре алмаған ба?!» — деп ашынды зейнеткерлердің ұлы.
Қуат Биткенбаев отставкадағы әскери қызметкер болса, Гүлзифа Құлсұлтанова өмір бойы мұғалім болып қызмет еткен. Екеуі де желтоқсаншы еді — 2021 жылдың желтоқсанында 1986 жылғы Алматыдағы оқиғаға қатысушы ретінде медальдармен марапатталды.
50 жасар археолог Ерлан Жағыпаров қауіпсіздік күштерімен жаппай қақтығыс орын алған Республика алаңының жанында тұратын. 6-шы қаңтар күні сағат 19:00 шамасында ол қаладағы ахуалды тексеру үшін үйден шықты. Ағасы Ерланның айтуынша, көп ұзамай Жағыпаров өзін Ұлттық ұлан қызметкерлері ұстағаны туралы хабарлағаннан кейін байланысқа шықпаған.
Ол бейбітсүйгіш, үнемі құжаттарын өзімен ала жүретін адам болғандықтан, туыстары бастапқыда алматылықтың өмірі үшін алаң болмаған. Алайда іздестіруді сол күннің кешінде бастап кетті. Үш күннен кейін ол туралы ешқандай хабар болмаған соң, Ерланның жақындары әлеуметтік желілер арқылы іздеу жұмыстарына жәрдем сұрап жазды. Сонымен қатар оның достары қалалық полиция бөлімшелері мен әскери бөлімдерді аралап шықты.
«Біз оны ұрып-соғуы мүмкін екенін түсінгенбіз, алайда оған қандай-да бір қатер төнуі мүмкін екені ойымызға да кіріп шыққан жоқ. Бәрінен бұрын куәлік алу үшін оны азаптауы мүмкін деп уайымдағандықтан, әскери бөлімдер мен полиция бөлімшелерін кездік. Полицейлер ұсталғандар көп болғандықтан, ағам әлі тіркелмеген болуы мүмкін екенін алға тартты. Алайда іздеу жұмыстарына олардың тарапынан ешқандай көмек болған жоқ. Кейіннен әлеуметтік желілерде бізге оны мәйітханадан іздеуге кеңес берді. Шынымды айтсам, бұған жетеді деп ойламадым», — деді өлтірілген адамның ағасы Нұрлан.
Бірінші мәрте оны тану мүмкін болмағандықтан, Жағыпаровтың отбасына мәйітханаға екінші рет келуге тура келді. Марқұмның жеке тұлғасы 12-ші қаңтарда ғана анықталды. Оның денесінде киім болмаған, қолдары кісенделген, іші мен кеудесінде оқ жарақатының іздері болды. Нұрлан Жағыпаров ағасының мәйіті басқа «белгісіз» адамдармен бірге мәйітхана дәлізінде жатқанын айтты.
«Мәйітханада ағамды "азиялық ұлтқа жататын белгісіз тұлға" ретінде жазыпты. Берілген куәлікке сәйкес, ол 6 қаңтарда оқ жарақатынан қайтыс болған, ал келесі күні денесі мәйітханаға жеткізілген», — дейді алматылық.
Жағыпаровтың туыстары археологты күштік құрылым қызметкерлері өлтіргеніне сенімді. Туысқандары Ерланды ұстаудағы оқиғалар тізбегін сағатына дейін анықтап, ол жайлы марқұмның ағасы өзінің Фейсбук парақшасына жазған. Сонымен қатар, Жағыпаровтың ұялы телефонындағы биллинг деректер де бар.
Ерланның өліміне кінәлілерді анықтау мақсатында туыстары полиция департаментіне арыз жазды. ІІМ бірқатар сараптамалар жүргізді. «Мәйітті алып кететін кезде бізге медициналық, баллистикалық сараптамалар мен басқа да шаралар өтетінін түсіндірді. Қаза тапқандар саны көп болғандықтан, олар әлі де жүріп жатыр, ал органдар болса күшейтілген тәртіппен жұмыс істеуге мәжбүр. Заң бойынша ол 30 күнде дайын болуы керек, соған үміт артып отырмыз», — деді Нұрлан Жағыпаров.
Қаза тапқан зейнеткерлермен болған оқиғамен салыстырғанда, полицейлер Нұрланға жұмсақтық танытқан, оған көңіл айтып, дұрыс қарым-қатынас орнатып, қайғылы оқиғаны тергеудің басталуына ықпал еткен. Марқұмның ағасы бұл мәселенің резонанс тудырғанын айтады: Ерлан Жағыпаров белгілі әуесқой археолог болған және лаңкестің сипаттамасына мүлде сәйкес келмейтін.
«Ол белгілі этно-волонтер, археолог ретінде мәдени құндылықтарды сақтап қалумен айналысқан. Ол өзінің еңбек жолында қазақ халқының мәдени мұрасының бір бөлігін, соның ішінде жай ғана бұзылып, үйіндіге айналғалы жатқан жартастағы суреттерді сақтап қала алды. Қазір бұл мүліктің барлығы Шығыс Қазақстандағы этномұражайлардың бірінде», — дейді ол.
22 жасар Шымкент тумасы Аңсар Жандарбеков Алматыда такси жүргізушісі болып жұмыс істеген. Ол жаңа жылдық мерекені туған қаласында отбасымен бірге қарсы алып, төртінші қаңтарда Алматыға жұмысқа оралды. Елде интернет пен байланыс ажыратылғандықтан, оның өзі де, отбасы да қарулы қақтығыстың басталғанын білмеген еді.
Олар қанды оқиға туралы ертесіне ғана білді. Жандарбековтың анасы Жазира, ұлын қалаға шығудан сақтандыруға тырысқанымен қоңырау шала алмады. 4-ші қаңтар күні түстен кейін ұлы байланысқа шығып, май ауыстырып, қалаға біраз жұмыс істеуге баратынын ескерткен.
«Осыдан кейін мен оған бірнеше сағат бойы қоңырау шалғаныммен, Алматыда да, Шымкентте де желі жұмыс істеген жоқ. 18:00-ден кейін де байланыс болған жоқ, дегенмен мен ол жұмыста шығар деп ойладым. Біз митингтің болып жатқанын көріп отырғандықтан, одан үйде отыруын сұрамақшы болдым», — деп бөлісті Джандарбекова.
Жазира ұлының қайтыс болғаны туралы хабарды 5-ші қаңтар күні сағат 23:00-ден кейін Алматы ауруханасынан естіді. Жандарбековтің жанында телефоны болған, сол арқылы марқұмның анасымен байланысқа шыққан. Медбике Аңсардың мойны мен аяғынан алған оқ жарақатынан қайтыс болғанын хабарлады, қайтыс болу туралы куәлікте де осылай жазылған.
«Оны әскерилердің өлтіргені бәріне түсінікті, бірақ ауруханада да, полицияда да оны кім атқанын айтқан жоқ», — деп қосты ол.
Марқұмның денесі алматылық таксист әріптестерінің көмегімен Шымкентке жеткізілді.
Жолдарда әлі де блок-бекеттер қойылмағандықтан, қалаға тез жету мүмкін болды. 22 жастағы Жандарбековтың жерлеу рәсімі 7-ші қаңтарда өтті, көп ұзамай оның туыстары мен құқық қорғау органдарының арасында келіспеушілік орын алды.
Жандарбекованың айтуынша, жерлеу рәсімінен кейін полиция оның өліміне қатысты жаңа тергеу басталғандықтан оның денесін эксгумациялауды жоспарлап отырғандарын айтқан. Бұл өлім себебін «қайта жазу» үшін жасалып отыр, деп есептейді Жазира. Сондықтан ол мәйітті эксгумациялауға қарсылық танытады, бірақ қауіпсіздік күштері оның барлық шағымдары мен өтініштерін елемейді.
«"Оқ жарақаты" деп жазылып қойғанына қарамастан, олар бұл нәтижемен келіспей, бәрін жоққа шығарғысы келеді. Мен эксгумацияға қарсымын, бала өліп қалды, енді бұлай жасаудың не керегі бар?!» — деп ренжіді анасы.
Оның айтуынша, тергеушілер 17-ші қаңтардан бастап туыстардың мазасын ала бастады. Сол күні анасы полиция бөліміне жаңа арыз жазу үшін шақырылды, бірақ әйел оны «кімге қарсы жазатынын» білмегендіктен бас тартты. Оның орнына Жандарбекова прокуратураға тергеуді жандандыруға қарсылығын білдірді. Алайда оның өтінішіне ешқандай жауап қайтарылған жоқ.
Екі күннен кейін полицейлер бейіт басына келіп, жерленген жерді суретке түсірген. Осыдан кейін Жандарбековаға ІІД-нен тұрақты түрде телефон соғып, оның келісімінсіз де қайта тергеу жүргізуге, тіпті эксгумация жасауға құқылары бар екенін айтады. Жазираның айтуынша, полиция Бас прокуратурадан тиісті бұйрық алған.
Тәртіп сақшыларының эксгумация жүргізуіне жол бермеу үшін марқұмның анасы туыстары, көршілерімен бірге күндіз-түні ауысыммен бейіт басында кезекшілік етуге мәжбүр. Жандарбекованың қамқорлығында мүгедек ұлы бар, отбасы жалдамалы пәтерде тұрады.
«Мен үйде жалғыз қалуға қорқамын, кейде көршілеріме, кейде туыстарыма барамын. Бізге де бір жағдай бола ма деп алаңдаймын. Бірде атасы, бірде әжесі, бірде кіші ұлыммен бірге күн сайын қабір басын күзетеміз. Ол әлі күнге дейін ағасының өліміне сенбейді, осы оқиғаның әсерінен ол қатты ауырып қалды. Мен енді ештеңені қаламаймын, тек өлген ұлымның мәйітіне тыныштық берсе екен. Мен ақша жинап, баламның бейітін қорлауға жол бермеу үшін адвокат жалдағым келеді», — деп түйіндеді ол.
Аударған: Дана Тұрғынбай