Иллюстрация: Ксения Горшкова / Фотосуреттер: Алматы қаласының Орталық мемлекеттік мұрағаты /Мәтін кейіпкерлерінің жеке мұрағаты
1986 жылдың 16-18 желтоқсан аралығында Қазақ КСР қалаларында наразылық акциялары өтті, олардың ішіндегі ең ірісі Алматыда болды. Олардың басталуына Қазақстан Коммунистік партиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың лауазымынан түсірілуі және оның орнына Мәскеудің қолшоқпары ретінде қабылданған Геннадий Колбиннің тағайындалуы себеп болды. Мыңдаған қазақстандықтар әлеуметтік әділеттілікті талап етіп, титулдық ұлттың мүддесін қорғау мақсатында көшелерге шықты. Митингілер қауіпсіздік күштерімен болған қақтығыстарға, тұтқындаулар мен ондаған қылмыстық істерге әкеліп соқты. Желтоқсан оқиғасына арналған материалдың бірінші бөлімінде «Медиазона» 1986 жылғы оқиғалар кезінде наразылық білдірушілер тобында болған қатысушылармен сөйлесті.
Алматыдағы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі. 1987 жылдың 20 шілдесінде Алматы қалалық соты оны ұлттық және нәсілдік теңдік құқықтарын бұзғаны үшін, сондай-ақ жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырғаны үшін (Қазақ КСР ҚК 60 және 65-баптары) кінәлі деп танып, Мордовиядағы күшейтілген режимдегі колонияда төрт жылға жазасын өтеуге кесті.
1989 жылдың қазан айында республиканың Жоғарғы Сот Президиумы қылмыс құрамы болмағандықтан үкімнің күшін жойды. Айтмұрзаев 1996 жылдың 14 желтоқсан айында ақталды.
1981 жылы мен Грозныйда болып, әскери борышымды өтедім. Дабыл қағып, бізді Осетия астанасы Орджоникидзеге апарды. Бізге қақтығыс болғанын түсіндіріп, шеп қорғанға қойды. Әр үш сағат сайын біз басқа ротамен ауысып, демалысқа бірнеше сағат алып отырдық. Демалыс кезінде бізге осетин әйелдері келіп, бәліш, жұмыртқа, картоп әкелді. Олардың «Біздің балаларымыздікі оң, неліктен біздің жерімізге басқалар иелік етуі керек? Олар келген жерлеріне оралсын. Оқ атпаңыздар, балаларымызды өлтірмеңіздер» деген сөздері маған қатты әсер етті. Бұл менің санама ықпал еткен болу керек.
1983 жылы әскерден кейін мен театр институтына түстім. Бізді, қазақтарды, қыспаққа алып, зәбір көрсететін. Біз ауылдан қалаға келіп, орыс тілін түсінбейтінбіз. Автобуста бір-бірімізбен сөйлесе бастасақ, біреулер міндетті түрде: «Өздеріңше не деп жатырсыңдар? Бәріне түсінікті болу үшін орысша сөйлеңдер» деп шығатын. Сол кезде неліктен маған ана тілімде сөйлеуге тыйым салып жатқаны жайлы ойлана бастадым. Таңқаларлық.
1986 жылы 16 желтоқсанда біз курстастарымызбен досымыздың пәтеріне бардық. Ол үйленген, ал бізге студент кезімізде тамақтанып, шай ішу керек болатын. Біз оның үйінде отырғанымызда теледидардан Қонаевты түсіріп, Колбин тағайындағанын естідік. Бірінші ой: «Бұл қалайша мүмкін болды? Қазақстаннан емес, басқа бір жерден әкеле салды. Бізде бірінші адам бола алатын ешкім жоқ па? Не үшін басынады? Неліктен біз өз дегенімізді айта алмаймыз? Біз шын мәнінде ұлтпыз ба әлде кімбіз?».
Біз курстастарымызбен бірге өз орындарымыздан секіріп тұрып, жатақханаға бардық. Онда тағы бір студентпен кездесіп, он минут ішінде демократиялық шеруге шығу керектігін талқыладық. Алдымен көрші жатақханаға барып, онда не айтылып жатқанын тыңдап, өз жоспарларымызбен бөлісуді шештік. Сөйтіп ҚазМУ жатақханасында бір бөлменің ішіне ондаған белсенді студенттер жиналдық. Біз наразылық білдіру үшін таңғы тоғызда алаңда кездесуге уағдаластық. Содан кейін басқа жатақханаға бардық. Қайда барсақ та, барлық жерде сырттан келген адамның тағайындалғаны жайлы пікірталастар болып жатты. Барлық жерден ұлттық рух сезіліп, әрбір жатақхана гуілдеп тұрды. Оның үстіне жастардың бәрі максималистер, барлығын жүректеріне жақын қабылдайды. Адамдар шамданып, талқылап, күйгелектеніп, бұдан әрі не істеу керектігін білмеді, ал біз түсіндірдік. Ешкім қарсылық білдірмеді, бір ауыздан: «Шығайық!» деді.
Түнгі 12-ге жақын біз Киров атындағы зауыттың жұмысшылары тұратын жатақханаға жеттік. Жатақхана жабық болды, бірақ жақын жерде бір жігітті кездестіріп, сөйлесіп кеттік. Сол сәтке дейін бізбен бірге Политех, ветеринарлық институт, мединститут, шет тілдер институты шығуға келіскен. Бұл жігіттің достары астыға түсіп қысқасын айтқанда бұл жатақхана да бізге қосылды.
Біз қайта оралып, ұран сөздер жаза бастадық. Кітаптардан Лениннің сөздерін іздестірдік, оның портретін дайындап қойдық. Түнді ұйқысыз өткізіп, таң атқанда басқаларды оятуға аттандық. Барлығы 200-250 адам жиналдық. Алдын ала ұрандарды, Лениннің портреттерін кім ұстайтынын, кім шерудің алдын бастап, кім аяқтайтынын шешіп алып, тек қана пленумда қабылданған қаулының күшін жоюды талап етуді шештік. Үміткерлер әртүрлі болуы мүмкін еді Назарбаев, Камалиденов, Әуелбеков, Трофимов. Трофимов тіпті қазақша сөйлейтін: орыс болса да, қазақтың әдет-ғұрпын білетін.
Әскерде алған тәжірибемнен мұның шамамен қалай аяқталатынын сездім. Бәлкім менде әскери синдром болған: егер саған шабуылдаса, қандай қорқынышты болмасын, қорғануға міндеттісің. Таңертеңгі тоғызда біз алаңда болдық. Түнде кездестірген жігіттер бізден бұрын келді. Мүмкін, шамамен мың адам болған шығар, бірақ біз одан көп болғанымызды қалап, Ленин көшесімен төмен түсіп, барша ЖОО-дарымен жатақханаларды кезіп шықтық. Сөйтіп бес есе көп болдық.
Алаңға қайта оралдық. Адамдар ән шырқады, талаптарын айқайлап айтып жатты, әдеттегідей көшбасшылар пайда болды. Сағат төрт-беске таман құрсақтаулар басталды, әскери күштер көбейе бастады. Арандатулар басталды, мен алаңда жүгіріп жүріп, бізді кінәлі етіп шығармас үшін жігіттерден ілеспеулерін, төбелеспеуін сұрадым. Алайда ол енді мүмкін емес болатын. Сағат бестен өте қырғын басталды. Бізді ұрғылағаны соншалық, қыздар ес-түссіз құлап жатты. Аяқ астынан шығара бастаған кезімізде, олардың бастары жарылғанын көрдік. Жігіттер көйлектерін шешіп, жарақаттарын таңып, оларды Қыздар пединститутына тасыды.
Бізді келдектермен, сапер күректерімен ұрып, сумен атқылады, бірақ жаурағанымыз, ауырғанымыз немесе таңертеңнен нәр татпағанымыз тіпті ойда болған жоқ. Қатты шаршағанымызды түнгі сағат 11-де сезіне бастадық, күртешелеріміз бен пальтоларымызды мұз басқан, аяқтарымыз жүруге жарамай қалды. Біз жатақханада жылынып алуды шештік, бірақ ол жерде бізді оқытушылар мен басқармадан келген адамдар күтіп алды. Содан бізді қайтадан босатпады.
18-і [желтоқсан] тергеулер басталды. Бірінші қабатта МҚҚ тергеушілері отырды. Мені және менімен бірге 16-сының кешінде жатақханаларды аралағандарды журналдардағы жазбалар арқылы тауыпты. Әрбір жатақхананың вахтасында журналға кімнің қай уақытта кіріп-шыққанын жазу керек болатын. Бір айға жуық уақыт мені күн сайын прокуратураға шақырып, таңертеңнен кешке дейін не үшін барғанымызды, не қалағанымызды, бізді кім бағыттағанын сұрап жатты. Бума-бума суреттерден кімді танитынымды сұрады. Басында бәрі ешкімді танымайтынын айтып, өз беттерімен барғанын айтқан. Өз нұсқаларын кейінірек ойлап шығарды. Олар «ұйымдастырушыны» сақалды адам етіп бейнеледі. Біз оның портретіне зер салып бір ауыздан оның құлағы, көзі, қалпағы қандай екенін қайталап айттық. Жаттап алып, тергеушілерді алдамақ болдық, бірақ онымыздан түк шықпады. Олар жатақханаларға біздің барғанымызды білген.
Мені қаңтар айының ортасында қамауға алды. Әрине, қорқынышты болды, әртүрлі ойлар күйзелтті. Бәлкім, 37-ші жылы атылып кеткен ата-бабаларымыздың жолын қайталаймын деп ойладым. Алайда өзімді байсалды ұстадым, ештеңеге өкінбедім. Біз керісінше тергеуге шап беріп, «Біздің кінәміз не? Біз өлтірдік пе? Тонадық па? Тек өз пікірімізді білдірдік» деп кінәсіздігімізді дәлелдеуге тырыстық.
20 шілдеде сот болды. Прокурор бес жыл сұраған, сот төрт жыл берді. Мені алғашқылардың бірі болып жапты, бірақ соңына жақын айыптады. Олар бізді айдап салған біреу бар болғандай етіп көрсеткілері келді, Сол Назарбаевтың, Бекежановтың, Статениннің фотосуреттерін әкелді. Оларға ұсақ шабақ балықтар қажет емес еді.
Ата-анам Мордовияға кездесуге келгенде, олар әрдайым маған қолдау көрсетіп, жігерлендіріп, денсаулығымды сақтауды өтінетін. Әкем «Ештеңе етпес, балам, Ленин-ата да отырып шыққан», — деп айтқан. Менің не үшін барғанымды ешкім сұрастырмады.
Әйелім жүкті болған кезде мен бала туралы аса көп ойлай алмадым. Басым қандай мерзімге кесілетінім жайлы ойларға толы болды. Мен кем дегенде 10 жыл береді деп есептедім. Тұңғышым үкім жарияланған күні дүниеге келді. Үзіліс кезінде маған адвокат Галина Рогова жүгіріп келіп, «О, Құрманғазы, құттықтаймын!», — деді. Босатылған екенмін деп ойлап қалдым. Шынымды айтсам, мен сол сәтте сотта отырғанымды ұмытып кеттім. «Ұл! Егер ертең маған бірдеңе болып қалса, қайтып оралмасам, тұқымның жалғасы бар», — деп ойладым.
Мен ұлымды алғаш рет Мордовияда көрдім. Әйелім ата-анаммен бірге үш күндік созылмалы кездесуге келді. Бала 8-9 ай шамасында болған. Әйелім менің қасыма көшіп келуді сұрай бастады, бірақ мен одан шошынып, қалуға рұқсат бермедім.
Бастапқыда мен автоматтар мен иттер күзеткен күшейтілген режимдегі колонияда болдым. Зонада біз орман кесіп, содан кейін сол ірі бөренелерді тасып, жиһаз жасадық, силикат кірпіш зауытында жұмыс істедік. Ол жердің өз заңдылықтары бар, ешкім не үшін отырғызғанын сұрауға, басқаларға қол тигізуге тиым салынған. Тек зорлаушыларды ғана жазалап отырған. Мені «қызылдарға қарсы шыққаным үшін және менттерді ұрғаным үшін» қолдады.
Екі жылдан кейін мені қоныс колониясына ауыстырды. Онда оңайрақ болды, ауылдың ішінде емін-еркін жүріп-тұруға болатын еді. Ауысқаннан кейін екі апта өте әйелім тағы келді. Комендатура бастығы менің қылмыскер екендігіме сенбейтінін айтып, жатақхана бөлмесінде әйеліммен тұруға рұқсат етті. Онда екінші ұлым дүниеге келді.
1989 жылы желтоқсан айының ортасында мені бостандыққа шығарды. Бастық кабинетке шақырып алып, орындыққа отырғызды да қолыма «қылмыс құрамының болмауына байланысты босатылды» деген қағаз ұстатты. Мен ұзақ уақыт бойы орындықтан тұра алмай қалдым. 1990 жылдың басында Қазақстанға оралдым, институтқа сабаққа қайта оралып, бес айдан кейін диплом алып шықтым. Павлодардан адамдар келіп, сол жақта қазақ театрын ашуды ұсынды. Мен патриот ретінде бірінші болып қолымды көтердім. Әйелім мен балаларымды алып, сол жерде 2005 жылға дейін жұмыс істедім.
Мен балаларымды қасыма отырғызып қойып, бұл оқиғаны басынан аяғына дейін айтып берген уақытым болған емес, бірақ іс арасында бірдеңе айтып қалам. Босатылғаннан кейін, тіпті театрда жұмыс істеп жүргенде көтерілістің Қазақстанға қалай әсер еткендігі туралы көп ойладым. Кезінде Амангелді Айталы деген академик маған: «Егер 86-шы жылғы көтеріліс болмағанда, мен қазақ екенімді сезінбестен өліп кетер едім» деген. Бұл сөздер мен үшін жеткілікті болды. Біз ұлттың рухын көтердік.
Бізде әлі күнге дейін болған оқиғаға мемлекеттік деңгейде құқықтық және саяси баға берілген жоқ. Желтоқсан деген не? Оқиға, қозғалыс немесе көтеріліс? Бұған анықтама беру керек. Міне, Ұлы Отан соғысының қатысушылары бар, Ауған соғысының қатысушылары бар, ал біз сонда кімбіз? Үкімет пен президент бізді бостандық пен тәуелсіздік үшін күресушілер ретінде мойындауы керек. Мен мемлекеттен орден немесе пәтер сұрамаймын, бастысы тек тарихта қалсын.
Аноним болып қалуды сұрағандықтан, кейіпкердің аты-жөні өзгертілген.
Мен 1986 жылы көркемсурет училищесіне түстім. Сол кездегі Гоголь атындағы училище, қазір колледж атанды. Жатақханада тұрдым. Біз тек бәріміз көтеріліп, 16-17 желтоқсан түнінде қалған балалармен бірге шықтық. Бірінші мен төртінші курсқа дейінгі жігіттердің барлығы дерлік, шамамен 90% — ы шықты. Біз [жаңалықтарды] естідік, сондықтан шықтық… Сағат 11-лерде жиналып, даңғылмен [Брежнев атындағы] алаңға дейін бардық, ол жерде халық көп болды. Барлығы айқайлап жатты. Қалқан ұстаған әскерилер, милиция, өрт сөндіруші көліктер мен техника тұрды. Біз ортасында қалдық, олар айналамызды қоршап алды. Барлығы қатты тоңды.
Мен ол кезде 17 жаста болатынмын. Оныншы сыныптан кейін келген баламын, қызық болды. Ол кезде әлі аса түсінбейтінмін, елмен бірге шықтым. Әрине шыққаныма өкінбеймін. Қазақстан тәуелсіздік үшін көтерілген алғашқы ел.
Мұның өз салдары болды. Біз таңғы сағат бестің шамасында жатақханаға жаяу қайттық. Ол жерде алдымыздан оқу орнының басшылығы шықты. Аты-жөнімізді, тобымыз бен қай жерде оқитынымызды толық жазып алды. Мен ауырып қалып, келесі күні сабаққа бара алмадым, ал сабақта отырғандардың ішінде тізімде барларды алып кетті. Біреулер он бес күнге сотталды, біреулері шығарылды. Төрт адамды оқу орнынан шығарып жіберді. 18-ге толмағандарды сол күні босатты.
Алматы қаласынан шыққан суретші, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі жұмыстарымен туған жерінде де, шет елдерде де көрмелер ұйымдастырады. Сондай-ақ ол актриса және дәріскер ретінде де танымал.
Мен 16 жаста едім, оныншы сыныпта оқып жүрдім, ол соңғы сынып болатын. Анам музыкатанушы, үйде қазақтың дәстүрлі музыкасын көп еститінмін. Жыраулар дәстүрін ұстанған музыканттар қонаққа келетін. Тоғызыншы сыныпта оқып жүрген кезімде Мұхтар Мағауиннің «Қобыз сарыны» кітабы бойынша жыраулар өнері туралы рефератпен мектепке келгенім есімде. Мұғалім мені тыңдамай, сыныптастарыммен қалдырып, тіпті сыныптан шығып кетті. Мен сол жерде бірнәрсе айтуға тырыстым, бірақ мені ешкім тыңдағысы келмеді.
Менің анам сол кезде консерваторияның деканы болған және 16 желтоқсанда ол күні бойы үйде болмады. Мен бірдеңе болып жатқанын естідім, бірақ ол мені қамап қойды да, шығуға тыйым салды. Мен күні бойы үйде отырдым. Түнде мен өлең жазып шығардым. 17-сі күні мен анама ОӨК-қа бара жатқанымды айтып, өзім алаңға кетіп қалдым.
Бұл барша қазақылыққа, қазақ әдебиетіне, мәдениетіне қатысты жасалған қысымға деген жауап болды. Бізде орыс мектебіндегі қазақ әдебиеті сабақтары — балалар үшін көңіл көтеретін уақыт секілді болды, ешкім ештеңе істемеді. Бәрі революцияға дейін Қазақ әдебиеті болған емес деп нандыратын. Тек Ұлы Қазан төңкерісінен кейін ғана [мәдениет пайда болды]. Бұрын қазақтар сауатсыз, жабайы көшпенділер болып, тек революция ғана оларға білім нұрын әкелді деп айтатын. Сондықтан мен «Қобыз сарыны» кітабын алып, әдебиеттің қандай тамаша болғанын көрсеткім келген. Себебі ол жерде автор бұрынғы XVIII ғасырдағы ұлы жыраулар — Бұқар жырау, Асан Қайғыға үндеп, оларға талдау жасаған.
17-і мен Абай-Фурманов көшелерінің қиылысына бардым. Жол жүре мен сарбаздары бар көліктердің тұрғанын көрдім, көлік сыртында қан іздері. Жеткеннен кейін жақындағы төңкерілген автобустың жанына тұрып, өлеңімді оқи бастадым. Рас, орыс тілінде. Біреулер «Неге орыс тілінде, қазақша сөйле!» — деген. Сол кезде бір апа «Сендер тыңдаңдар, бастысы оның не айтып жатқанында емес пе», — деді. Сөйтіп маған аяғына дейін оқып бітіруге мүмкіндік берді.
Адамдар өте көп болды, бәріміз топ болып шынтақтасып жүрдік. Біз Абайдың бойымен Ленинге қарай жүріп, «Қазақ жасасын!» деп айқай салдық. Содан Ленин көшесімен жоғары қарай бұрылып, Сәтпаев арқылы жаңа алаңға жеттік. Сол кездің өзінде ол қоршауда болған, сарбаздар шеп құрып тұрды. Біз оларға «Мұнда неге тұрсыңдар? Өздерің өздеріңе қарсы! Не істеп жатырсыңдар?» деп айттық. Олардың бәрі де жас еді… Бірақ мен басқалардың арасында тіптен бала едім. Барлығы, негізінен, гуманитарлық, шығармашылық жоғары оқу орындарының студенттері.
Әртүрлі жолдастар шығып жатты. Комсомол ОК төрағасы Марат Әбдірахманов та болды. Ұзақ сөйледі, бәрі мүлт кетті, мүлдем ешкімді сендіре алмады. Кейін Олжас Сүлейменов шықты, сосын тағы біреулер. Содан кейін оның қалай басталғаны есімде жоқ, бірақ автобустар келіп, ішінен «Дружина» деген байлауыштары бар еңгезердей ер адамдар шықты. Бізді қуа бастады. Біз жүгірдік, құлап, қайта жүгірдік. Мен бір балалармен қаштым, қыздарды шаштарынан ұстап, жүк көлігіне лақтырғанын көрдім. Бұрымдарынан тартқан. Қатты қорқынышты болды және өте, өте суық еді. Қалай екені белгісіз жүгіріп жүріп стадионға жеттік.
Жасақшылардан құтылуға тырысып, Сәтпаевтың бойымен қаштық. Кейіннен олар бізді тарату үшін Киров зауытынан әкелінген жұмысшылар екендігі белгілі болды. Бірге жүгіріп келе жатқан жігіттер боксшылар болып шықты. Олар «Стадионға дейін жетіп алайық, сол жерде жаттығу бөлмелеріміз бар, жасырына аламыз», — деді. Біз сонда кереуеттердің астына тығылдық. Олар да артымыздан қуып келді, бірақ бізді тапқан жоқ. Біз сағат екілерге дейін дірілдеп отырдық.
Мен үйге үште келдім, қалай жеткенім есімде жоқ. Анам қатты қобалжыған. Оған дейін ол алаңда болып, шеруге қатысқан консерватория студенттерінің тізімін жасау керек болған. Ол келіп, «Ештеңе айтпа, мен оларға консерваториядан ешкім қатысқан жоқ деп айттым, үйде сөйлемеген дұрыс, тыңдауыш құрылғы тұруы мүмкін», — деді.
Дүйсенбі күні мектепке келгенімде, маған тәртібімді қалалық оқу бөлімінде талқылайтынын айтты. Ата-анам келуі керек деді. Қандай нашар қыз тәрбиелеп шыққандығы туралы хат жазып анамның жұмысына жіберді. Директор оны шақыртып алып, «егер мен сізді жеке білмесем, кімді өсіргеніңізге аң-таң болар едім», — деді. Алдымен қалалық оқу бөлімі болды, әкем келмеді, ал анам келді. Олар ескерту айта бастады… Содан кейін берілген мінездеме үшін [ЖОО-на] оқуға түсуім қиынға соқты. Кеңес заманында оқыған немесе жұмыс істеген жерден сізге мінездеме беретін. Менің мінездемем анамның жұмысына жіберілген хатқа негізделген еді. Мұндай мінездемемен қабылдану мүмкін емес болды.
Шыққаным үшін көңілім қалған жоқ. Менің жағдайым басқа балардікінен өзге еді, мен жағдайы жақсы алматылық отбасынан шыққанмын. Ал ол жерде ауылдан келген жігіттерді жауыздықпен қайырып тастап отырды. Рашид Нұрекеевті театр институтынан мүлдем шығарып тастады. Маған салыстырмалы түрде жұмсақ қарады.
Пікірлестер табу қиынға соқты, өйткені мені қоршаған орыс тілді ортам түсіне алмады, мұндай тәуекелге барудың себебін түсінбеді.
1986 жылы театр училищесін бітірер кезде Самат Тергембаев 26 жаста еді. Тәуелсіздік жылдары түрлі театрлардың директоры, сондай-ақ Алматы мәдениет басқармасы бастығының орынбасары болып жұмыс істеді. Қазір Ақмола облысындағы АЛЖИР мұражай-мемориалдық кешенінің директоры қызметін атқарады.
Сол кезде күтпеген жерден бірінші хатшымыз Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты орнынан алып тастайды. Бар болғаны 18 минутқа созылған пленум оның орнына Қазақстанда бұрын-соңды болмаған, қазақтың әдет-ғұрпын да, тілін де, дәстүрін де білмейтін Ресей тарапынан бір адамды тағайындайды. Бұл бізге қатты әсер етті, мұны қазақша «намыс» дейді. Бізді ешкім шақырған жоқ.
Мен ол кезде театр факультетінің соңғы курсында оқитынмын. Барлығымыз өз наразылығымызды білдіру үшін алаңға шықтық. 16-да [желтоқсанда] пленум болды, 17-де таңертең көшеге шықтық. Көше бойымен жүріп, орталық алаңға жиналдық.
Алғашында бейбіт жиын өтті, сөз сөйлеп, пікірімізді айттық. Одан кейін милиционерлер, әскер тартыла бастады. Содан бәрі басталды. Бізді ұрып-соғып, әкете бастады. Қанды қырғын басталды. Олар енді кімнің қыз, кімнің жігіт екенін түсінбей қалды. Бізді тепкілеп, сапер күрегімен ұрды. Олар бізге суатқышпен су шашты, мұз боп қаттық. Шыдау мүмкін емес еді. Олар мені келдекпен ұрды, оң құлағым мен иығыма тиді. Оң қолымды көтере алмадым. Мен үйге, пәтеріме кеттім — менің отбасым бар еді, ал таңертең тұра алмадым.
Бізге жақын жерде Қыздар педагогикалық институтының жатақханасы болатын. 17-сі күні таңғы сағат онда оларды көруге барғанымызда жатақхана алдында МҚК қызметкерлері мен оқытушылардың тұрғанын көрдік. Оларды сыртқа шығармады. Ал қыздар екінші қабаттан секіре бастады. Мен мұны ұмыта алмаймын.
Алғашында алаңда бәрі ұйымдасқан түрде болды: біреу бірдеңе айтқысы келсе, орнынан тұрып сөйлейді. Сондай бірлік, күшті серпін. Сосын арандатушылар келіп, төбелес шығара бастады. Басында бұл бейбіт жиын болды.
Жатақханаларда алаңға шығуға үгіт-насихат жүргізді... Біз театр училищесінде оқыдық, сондықтан эмоционалды, шығармашыл едік. Ал ҚазМУ-де, басқа техникалық факультеттерде оқығандар бізді түсінбеді.
[Кейбір наразылық білдірушілерді] қала сыртына шығарды. Отырғызатын жер болмаған соң, Қаскелең бағытындағы бір жерге апарып тастады. Қыстың суық күнінде оларды тастап кетті. Көбісі әрең жетіп, кейбірі өлді. Бірақ бұл әлі ашылған жоқ, бұл тарих зерттелмеді.
18-інде қайтадан жиналдық, бірақ ол жерде әскер болды, олар күтіп тұрды. Менің курсымнан төртеуі түрмеге жіберілді. Мәскеуден, Омбыдан, Новосібірден келген тергеушілер бізді екі жарым-үш ай бойы сүйреді. Содан оқуымызды аяқтаған соң, мені Қызылордаға жіберді. Мен кетіп үлгердім, содан кейін төрт жігіт түрмеге қамалды. Ешқандай қылмыс жасамаса да, төрт және одан жоғары мерзім берді. Олар 16-сы кешке жатақханаларды аралап, студенттерді шақырған еді.
Болар іс болды, кетті. Бұл біздің тарихымыз. Бірақ тәуелсіз республикамыз бұл қайғылы оқиғаға әлі күнге дейін саяси баға берген жоқ. Олар «Желтоқсан оқиғасы» дейді. Оқиға — екі көлік соқтығысуы немесе біреудің төбелесуі. Ал бұл халық көтерілісі болды. Бізді нашақор, маскүнем, қазақ ұлтшылдары деп атады.
Желтоқсандықтар әлі де бір-бірімен хабарласып тұрады, чаттары бар. Олардың қаншасы Алматыда, Астанада. Олар бұл көтеріліс халықаралық стандартпен бағаланбады деп әлі де наразы. Бұл тоталитаризмге, империялық тәртіпке қарсы халықтың наразылығы болды. Біздің республика осы рухта сөйлеуі керек, бірақ ол айтылмады.
Бұл желтоқсаншылардың намысына тиеді. Президент аппаратына, ішкі саясатқа қанша хат жаздық — бәрі үнсіз. Ұжымдық хаттар жолданды, қайраткерлеріміз, жазушыларымыз қол қойды. Олар: «Мемлекет, тәуелсіз Қазақстан неге баға бермейді? «Олар нашақор емес, туған жерін сүйетін, ұлттық намысы жараланған жастар шықты» деп неге айтпайды.
Біз шынымен қатты қиналдық. Басқа республикалардың барлығын өз ұлтының адамдары басқарды. Қазақстаннан басқа ұлт — ұйғыр, орыс, тым болмаса біреу тағайындалса. Бірақ Колбин Қазақстан туралы мүлде білмейтін. Ол Ульяновскіден шыққан, «Мен партияның солдатымын, олар маған бұйрық берді, мен келдім», — деді. Бұл қызыл террор еді, оған коммунистік партия кінәлі еді.
Бізді университеттерден шығарды, жұмыстан қуды, еш жерге жұмысқа алмады. Алайда алаңға шыққанымызға өкінбейміз. Бұл қазақ намысы. Сол кезде үндемей қалсақ, ол біздің арымызға сын болар еді. Ары қарай одан да сорақысы болар еді. Бұл көтеріліс рухты оятты. Осыдан кейін басқалар бас көтере бастады — балтық жағалауындағылар тәуелсіздікті, демократияны талап ете бастады. Тәуелсіздіктің бастауы біздің 1986 жылғы желтоқсандағы іс-әрекетімізбен қаланды.
Қызылордадан кейін Алматыға, Ғылым академиясына, Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына ауыстым. Олар мені жұмысқа әрең қабылдады, желтоқсаншы екенімнен қорықты. МҚК қайда барсақ та біздің желтоқсан оқиғасына қатысқанымыздан хабардар болып отыратын.
Рахметов 1986 жылғы наразылық акциясына қатысушыларды біріктіру үшін «Желтоқсан» қоғамдық қозғалысын ұйымдастырды. 2011 жылы ол президенттік сайлауға қатысуға өтініш берді, бірақ кейін оны қолдап жиналған қол жеткіліксіз болғандықтан кандидатурасын алып тастады.
Мен ол кезде Қазақ мемлекеттік университеті физика факультетінің бірінші курсында оқыдым, жиырма жаста едім. Мен 17 желтоқсанда шықтым. Бәрін көрдім. 18-і күні әскерлер бәрін талқандады, 19-ында біз курс болып шықтық.
17-сі күні сағат төрт-беске дейін бәрі жақсы болды: біз өз талабымызды қойдық, түрлі ұрандар айттық. Ал кешке қарай бізге әскер жіберілді. Барлығы төбелесті, менің аяғым жараланып, жатақханаға қайттым. 19-ы күні алаңға жиналдық, бірақ жете алмадық. Алаңға жете алмай ұсталып, тарап кеттік. Сосын: «Сендерді кім мәжбүрледі?» деп сұрай бастады, бәрі мені нұсқады. 22-сі күні мені тергеу изоляторына қамады, 7-8 қаңтарда мен сотталдым.
Пленум осындай жаһандық өмірлік мәселелерді халықпен санаспай 18 минуттың ішінде шешсе, қалайша сабырлық сақтайсың? Ол кезде бірінші курста Лениннің адам құқығы мен ұлт, оның өзін-өзі билеу құқығы туралы еңбектерін оқыдық. Мәскеу, партияның басында отырғандар, мұның бірімен де санасқан жоқ. Ел басқаруға дайын кадрларымыз болса да, бізге бейтаныс адамды, әлдебір Колбинді басшылыққа қойды. Біз алаңда лайықты адамдарды ұсындық.
Қауіпсіздік күштерінің мұндай реакциясын ешкім күтпеген еді. Сол кезде анда-санда бізге Американы көрсететін. «Время» бағдарламасы болды. Олардың шерушілерді қалай тарқататынын көрсететін. Бұл бізге мүмкін емес нәрсе болып көрінетін. Алаңда не болып жатқанын өз көзіммен көргенде бұл тым... Билік өз халқына қарсы шығады, соншалықты қатыгез, жауыз болады деп ойламаған едім. Бұл шок болды. Оның үстіне, арандатушылық наразылық білдірушілер емес, билік тарапынан болды. Шерушілердің қолдарында ұрандардан басқа ештеңе болмады. Ал бізге қарсы – әскерлер шықты.
«Жасасын лениндік ұлт саясаты», «Қазақ КСР Конституциясы орындалуға тиіс» деген қазақ тіліндегі ұрандарға бола іліктік. Осы екі ұран үшін ұсталып, сотталдым. Жоғарғы сот мені жеті жылға соттады. Жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырғаны үшін деп 65-ші бап бойынша соттады. Үш ай МҚК түрмесінде болдым. Мен ол жерде: «Мен колонияға нақақтан кетіп барамын» дедім, олар жауап бермеді. Содан кейін этап бойынша бүкіл Қазақстанға жіберді. Алдымен Маңғыстау, 34-аймақ. Этап бойынша жүрдік, жүрдік, мен ауырып қалдым... Жамбыл түрмесіндегі ауруханада жаттым, сосын мені 33-ші аймаққа жіберді. Содан соң Карлагқа жіберді, сол жерден шықтым.
Мен медальдің екінші жағын, Айдың арғы бетін көрдім. Кеңес Одағы мен оның халықтарының достығы деген тек қана сөз жүзінде, теория тұрғысында болыпты. Ал іс жүзінде олар қарусыз жастарға қарсы арнайы операция жүргізді. 15 қаңтарда ма екен, мен туралы тіпті «Комсомольская правда» «әділ үкім шығарды» деп жазды.
Бізді халық жауы дерлік санайтын. Мені ғана емес, барлық туыстарымды да. Менің бір үлкен ағам совхоз директоры болатын, оны бірден орнынан алып тастады. Екіншісі де жұмыстан босатылды. Үлкен әпкелерім студент болатын, оларға да оңай болмады. Тіпті менің ауылыма да. «Сендер сол ауылдансыңдар» деп оқуға да қабылдамаған.
Жалған куәлік берген курстасыма екі жыл мерзім берілді, 25 адам комсомолдан, университеттен шығарылды. ҚазМУ-дың физика факультетіне қатты соққы болды.
Шыққаныма өкінемін бе? Бұл орталықтандырылған үкіметке қарсы соққы болды. Қанша уақыт өтті, керісінше, мен сол сәтте өзімнің дәл сол жерде болғанымды, басқалармен бірге өз наразылығымды білдіргенімді мақтан тұтамын.
Біз прокурормен кездестік. Адамгершілікпен кешірім сұрады. Сот төрағасы марқұм Кенжебаев та менен кешірім сұрады. Түрмеден шығып, 89-да Алматыға келгенімде, ол мені шақырып, кешірім сұрады. Оларды да түсінуге болады — оларға жоғарыдан қысым көрсетілді. Қалай болғанда да, олар бізді түрмеге қамап, жазалауға мәжбүр болды. Мәскеудің осындай саясаты болды, олардың қолынан не келеді? Бұған қарсы тұра ала ма? Сондай да адамдар болды. Жақында менің бірінші тергеушім Баймағамбетов коронавирустан бқайтыс болды. Ол менің ісімді қараудан бас тартып, қағаздарды жыртып тастады. Содан кейін оған да оңай соқпады. Әртүрлі адамдар болды: біреу ар-намыс тұрғысынан қараса, біреулер тек бұйрықты орындады.
Желтоқсан оқиғасы бойынша қанша комиссия жұмыс істеді — олардың ешқайсысы өз жұмысын аяқтаған жоқ, көптеген сұрақтарға әлі де жауап табылмады.
Мақаланың екінші бөлімінде «Медиазона» оқиғаға қатысушылардың екінші жағына: ҚР МҚК мен ҚР Ішкі істер министрлігінің бұрынғы қызметкерлеріне, сондай-ақ Алматының тумасы, белгілі журналист және посткеңестік кеңістік бойынша сарапшыларға сөз береді.
Аударған: Дана Тұрғынбай