Иллюстрация: Ксения Горшкова/Фотосуреттер: Алматы қаласының Орталық мемлекеттік мұрағаты
1986 жылы Алматыда болған Желтоқсан көтерілісі көпшілігі темір тордың ар жағына түскен демонстранттардың ғана өмірлерін өзгертіп қоймай, сонымен қатар оларға қарсы тұрған сарбаздар, милиционерлер мен МҚК қызметкерлеріне де әсер етті. Кейбіреулер наразылық білдірушілердің жұдырығынан әрең құтылса, біреулері қоршауда тұрып тоңып өлуге аз қалған, енді біреулері кеңестік тәртіпке қатысты көзқарастарын қайта қарауға мәжбүр болды. Желтоқсанның әсері элитаға да тиді, дәл сол кездерде Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттікке жолы басталды. Алматыдағы оқиғалар КСРО-ның басқа республикаларында әлеуметтік шиеленістің өршуіне әкеліп соқты. Желтоқсан оқиғасына арналған материалдың екінші бөлімінде «Медиазона» 1986 жылғы оқиғаларға қатысушы ІІМ, МҚК ардагерлеріне, сондай-ақ журналистер мен саясаттанушыларға сөз берді.
1986 жылы Тоқтамысов 49 жаста еді, сол кезде ол тікелей ішкі істер министрлігінде жұмыс істеді. Зейнеткерлікке подполковник шенімен шыққан ол, өзінің қызметін және шын аты-жөнін жарияламауды өтінді.
16 желтоқсан күні таңертең басшылық «Кім қазақ тілін біледі?», — деп сұрастыра бастады. Сол кезде қазақ мектептерін бітіргендер жинала бастаған еді. Содан кейін барлығын алаңға апарып, сапқа тұрғызды. Әріптестердің арасында бұйрықты орындаудан бас тартып, алаңға бармаймыз деушілер болған жоқ. Алайда сол кезде Ішкі істер министрлігінде кабинеттерге кіріп, қазақтар мен орыстар арасында бір-бірін қорлап, төбелескендер де болған.
Содан Ішкі істер министрлігінің барлық қызметкерлері қаланы күзетуге мәжбүр болды. Оразбек деген дәрігермен бірге қоршауда тұрдық. Медициналық бөлімде болғанымен, дәрігерлердің өзі сыртқа шығуға мәжбүр болды. Ішкі істер министрлігінде барлық мамандықтар бар, ветеринарлар, дәрігерлер, сигналшылар. Осындай жағдайда олар барлығын алаңға сүйреп шығарды. Тізбек салу үшін оларға көп адам қажет болды.
Бізді алып келіп жолдың жиегіне сапқа тұрғызды, сол жерде бір тәулік тұрдық. Бір күн, бір түн бойы не үйге баруға, не тамақ ішуге рұқсат етілмеді. Олар алаңға ешкімді кіргізбеуді бұйырды. Бізге жан жақтан, бүкіл көшелерден ағылып, алаңға өтуге тырысқан адамдарды бөгесін деді.
Таңертең ол жерде аса ешкім болған жоқ, тек 10-20 шақты наразылық білдіруші жігіттер. Сол жігіттер менен: «Аға, айтыңызшы, бұл дұрыс па? Неліктен олар елді басқаруға айдаладағы біреуді емес, өзіміздің арамыздан біреуді қоя алмайды?», — деп сұрай бастады. Мен: «Айналайын, саған не дей аламын? Үстімдегі әскери киімді көріп тұрсың ғой», — дегенімде, олар түсінетіндерін айтып кетіп қалды. Содан кейін бәрі жаппай жинала бастады, бір жақтан көп адам, екінші жақтан тағы бір топ адам, үшінші жақтан да айқайлап келе жатты. Осылайша бүкіл алаң жастарға толып кетті.
Осы уақыт ішінде бізге тамақ та берген жоқ, бәрі аш жүрді. Тек келесі күні әйелдер көшеден мәнті сатып әкелді, біз талғажау еткен жалғыз сол болды. Жақын жерде тұшпарахана бар еді, сол жерден алған болу керек.
Сол күні үйге қоңырау шалып, қызымнан Орталық мұражайға жылы іш киім алып келуін сұрадым. Жақын жерде тұратын досымыздың үйіне барып киімімді ауыстырып алдым. Тек содан кейін ғана әрең жылындым. Суықтан қолым ісіп, қатты ашыды.
Әрине, милиционерлердің арасында да енжар қалмағандар болды, әсіресе қазақтар өздерінің арасында біреу құлап, немесе тағы басқа жағдай болса, көмектесіп отырды. Мен алаңмен Фурманов көшесіне қарай келе жатқан кезімде, жылап жүрген бірнеше қызды көрдім. Мен оларға: «Не болды? Кетіңдер, әйтпесе көлікке немесе автобусқа тиеп әкетеді», — дедім. Сол кезде наразылық білдірушілерді ұстап, автобустармен қала сыртына шығарып жатқан. Мен олардан алаңнан кетуін сұраған кезде, олар Роза есімді құрбысын алып кеткенін айтты. Олар Қазақстаннан емес, Қарақалпақстаннан екен. Мен оларға: «Мүмкін ол үйде сендерді күтіп отырған шығар, сол жақтан қарап көріңдер» дедім.
Алаңның артында наразылық білдірушілерді автобустарға тиеу үшін жинаған жер болды, Қыздардың құрбысын тауып көрейін деп, сол жаққа бардым. Алайда адам тым көп болғандықтан, кімнің кім екенін анықтау қиынға соқты. Сондықтан мен олардың қайсысы Роза екенін түсіне алмадым. Мұндай оқиғалар өте көп болды.
Алаңда жалпы алғанда, үш күн тұрдық. Одан кейін жағдайды патрульдік топтар бақылап отырды, [олар] екі-үш адамнан артық жиналуға рұқсат бермеді. Бізбен бірге көшелерді басқа жерлерден әкелінген сарбаздар күзететін. Әрқайсысына өз аумағын бөліп берген.
Бәрі өтіп кеткеннен кейін орыс әжелер шығып алып наразылық білдірушілерді айыптай бастағаны есімде: «Біз оларға тамақ бердік, үйреттік, ал олардың қандай болып шыққанын қара». Менің балалық шағымда да солай болды — көшеде қазақша сөйлесуге мүмкіндік бермеді, олар «Сен не деп отырсың, орысша сөйле» дейтін. Осыдан кейін білетін-білмейтініңе қарамастан, амалсыз орыс тілінде сөйлейсін.
1986 жылы Маргарита Осипова 35 жаста еді, ол МҚК барлау басқармасында жұмыс атқарды, алайда лауазымын жария етпеуді өтінді. Зейнеткерлікке сержант атағымен шықты.
Біз барлығын тек жұмысқа келгенде ғана естідік. Бәрі аң-таң болды. Сөйтіп бәрі түгел жиналып алды, ер адамдар, офицерлер бәрі жүгіріп жүр. Сол кезде бәрімізге жұмыста болуды және басшылықтың кез келген бұйрығын екі етпеу керектігін, олар қалай айтса, тура солай орындау керектігін ескертті. Болып жатқан оқиғаларды қай жерде талқыласақ та, ұлтараздықты тудырмау керектігін айтып өтті. Олар бәрін тыныштандыруға тырысып, мұның бәрі уақытша екенін, адамдарды ұлтқа бөлуге болмайтынын түсіндірсін деген нұсқаулар берді.
Сол күні бір полковник таңертеңнен: «Мен ақымақ әйеліме әрең хабарласып, қызым қайда екенін сұрадым», деп айқайлап жүрді. Ал оның қызы, қателеспесем, тура алаңның қасындағы Сәтпаев көшесінде орналасқан Политехте оқыған. Ал оның әйелі оған: «Ол алаңға кетті, бүгін барлық студенттер алаңда ғой», — деп жауап берді. Ол айқай салып: «Ақымақ, алаңға барып оны алып кет. Қазір алаңды полиция қоршауға ала бастайды, сол жерде қақтығыс басталуы мүмкін ғой», — деп айқай салды.
Сол кезде бәрімізді, тіпті азаматтық қызметкерлерді де «сақ болыңыздар, жанжалға араласпаңыздар, ешкіммен сөйлеспеңіздер» деп ескертті. Балаларымыз мектепке екі-үш күн мүлде бармады, өйткені олардың барлығы жабық болатын.
Біздің басқарма бастығы жақсы кісі болатын, бірақ фамилиясын атамайын. Ол ақылды әрі өте сауатты еді. Құдай өзі денсаулық берсін, әлі күнге дейін тірі.
Айтпағым, ол өзі демонстранттардың арасына кіріп, оларды түсініп көру үшін, солармен бірге Ленин көшесімен саябаққа дейін жүріп өтті. Жүргізушісінен өзін түсіріп кетуді өтініп, саябақтың алдында күтіп тұруын сұраған. Артынан жүргізуші бастықтың топ арасында жүріп жаурағаны соншалық, көлік ішінде жылынып отыруына тура келгенін айтып берді. Ол қайтып келгенде, мен поштаны алып қойғанмын, Мәскеуден келген жеделхаттарды алып, есеп беруге бардым. Мен кірген сәтте, оның беті алқызыл болып тұрған. Сол күнгі аяз қатты болған.
Оралғаннан кейін ол бірден партия белсенділерін жинап, сөз сөйледі… мен коммунистер қатарында болмағандықтан, жиналысқа қатыспадым, алайда не болғанын артынан өзге офицерлерден біліп алдым. Жалпы онда МҚК-ның кейбір қызметкерлері көпшілікке жақтас болғаны, демонстранттардың Колбин кім және оны неге тағайындады деген плакаттарындағы сөздер дұрыс екені талқыланды. Ал басқарма бастығы оған: «Егер сендер көпшілікті қолдасаңдар, көшеде орын алуы мүмкін тәртіпсіздікке жақтас болсаңдар, онда қазір үстелге куәлік пен партбилеттеріңді қалдырып, ғимараттан шығып, олармен тілектес екендеріңді білдіруге мүмкіндіктерің бар», — деді.
Әрине, біздің арамызда бұл демонстрацияны іштей қолдаған адамдар болды. Кейбіреулері қызметінде көтеріле алмағандар, енді біреулер мұнда орыстар тым көп деушілер еді. Шынында да солай болған, ол кезде Алматының тек 40%-ы ғана қазақтар болған.
Қысқасын айтқанда, сол партия жиналысында офицерлердің ешқайсысы партбилеттері мен куәліктерін тапсырған жоқ. Олар пікірлерін айтып, қайтадан жұмыстарына кірісіпкетті.
Сол күндері алаңға, көпшілік арасына жұмыс істеуге орыстар жіберілмеді. Тек қазақтар ғана кетті. Барлық офицерлер, бәрі-бәрі. Тек қазақтар.
Біздің балалар көпшілік арасына кіріп, бәріміз тарап кетейік, қазір арнайы мақсаттағы әскерлер келсе қайтеміз, деп оларды сабыр сақтауға шақырды. Әрине ешкім органдарға қатысы бар екенін жарнамаламағандықтан, олардың бәрі азаматтық киімде болатын. Олар көпшілікті кішкентай топтарға бөліп, тыныштандыруға тырысты. Бірақ ешкім тынышталғысы келмеді.
Онда біздікілердің барлығы дерлік үсіп қалды. Нұрали есімді бір офицерді «балалар, кетейік. Түнде арнайы жасақ келеді» деп қайта-қайта айта бергендіктен танып қойды. Оған бір топ адамнан қашуға тура келді. Олар: «О, бұл кэгэбешник, ұр оны» деп айқай салды. Ол: «Мен өмірімде бұлай жүгірмеген шығармын, Мира көшесімен төмен ызғыдым» — бұл қазіргі Желтоқсан көшесі, «Бір дүңгіршектің артына қашып үлгергенімде, гуілдеген адамдар менің жанымнан өте шықты», деп айтып берген.
Әрине, біздің офицерлеріміздің арасында да зардап шеккендер болды, көбісі қазақтар. Бірақ мен олардың ешқайсысының қан-жоса болып отырғанын көрмедім. Мүмкін саналы болғандықтан болар. Себебі бізде «егер бір-екі адам, не бұзақылар алдыңнан шықса, оларға шамаң жететінін білсең қал, егер олар үшеу болса, шамаң келмейтінін сезсең, қол-аяғаңды жинап қаша жөнел», деген әрдайым үйретілетін нұсқаулар болатын. Нұралидың айтуы бойынша, бұл офицерлердің жазылмаған заңдылықтарының бірі еді.
Бәрінен қатты зардап шеккен қоршауда тұрған менттер болды. Өйткені олардың барар жері мүлдем болған жоқ. Біздің жол-көлік полициясында жұмыс істеген екі туысымызды да қоршауға қойды. Олар әріптестерінің бірін қатты ұрып тастағанын айтып берген. Төбелестер болды. Наразылық білдірушілердің қалай қоршауды бұзып өткендерін, таяқпен тура көздерін шұқымақ болған жайттармен бөліскен. Айтуларынша, таспен де атқылаған. Милиционерлер сол халықты тежеуге тиіс болатын. Ал саған үшкір арматураны найзадай лақтырған көпшіліктің шабуылына қалай төтеп беруге болады?
Айта кету керек, өңірлерде жұмыс басқаша жүрді, кейін бізге басқарма бастығы болып келген Талдықорған облысының МҚК бастығы жастар мінген автобустарды шығармау үшін қаланы жабу туралы бұйрық берген. Таңертеңгі сағат онда алаңға көптеген наразылық білдірушілер жиналып қалған, бірақ алаңды қоршауға алып, бүкіл халықты брандспойттармен таратып жіберді. Содан кейін оған ең дұрыс әрекет еткені үшін орден берілді.
17 желтоқсан күні таңертеңнен бастап БТР-лер барлық көшелерді жағалай тұрды, сонымен қатар демонстранттарға өту қиын болуы үшін жүк камаздары жолдарды жауып тастады. Алдыңғы күні ғана бәрін тарауға үгіттеуге тырысқандар, бүгін алаңдағылардың бәрін жайпапсалуға дайын болды.
Сол күні менің туысқаным тура алаңда тұрған Үкімет үйіне жұмысқа өтуге тырысып бақты. Маған оны тек біршама уақыт өткеннен кейін ғана айтып берген. Милиция Орталық Комитет қызметкерлері өту үшін тірі дәліз құрған. Өтіп бара жатқанда, жиналғандар оларды қыспаққа алып «Ұр оларды, ұр!», деп айқай салған, ал милиция жиналғандарды әрең тоқтатты. «Мені халық арасынан жұлып шығарды десе де болады, ғимаратқа еңіреп кіріп, құдайым-ай, мен басымнан не өткердім деп ойладым», — деп айтып берген. Егер оны екі қызметкер шығарып ала алмағанда, сол жерде өлтіріп тастауы мүмкін еді. Терезеден бүкіл алаң көрініп тұрғандықтан, халықтың қолында не бар екені белгісіз, біреу оқ ата қалса деген күдікпен, оларға тіпті терезелерге жақындауға тыйым салынды.
Мен Дзержинский көшесінің бойымен сол топ адамдардың қадалар мен плакаттарын ұстап, көтеріліп бара жатқанына куә болдым. Мен мұның бәрін біздің ғимараттың терезесінен көрдім. Біздің офицерлер де сол кезде ІІМ мен МҚК ғимараттарының бойында сап тізеп тұрды. Ешкім құрбандықтың, төбелес немесе қантөгістің болғанын қаламаған еді. Бірақ түнде алаңда төбелес басталған кезде… милицияны да, қарсы сөйлегендерді де соққыға жықты.
Сол күннің кешінде олар ішіндегі жараланған милицонерді шығарып алып, жедел жәрдем көлігін өртеп жіберді. Барлық жерде сол күндері ешкім қайтыс болған жоқ деп айтылады, шын мәнінде өлгендер болды, тек бұл статистиканы ешкім жарияламады.
Келесі күні арнайы жасақ ұшып келді. Сол кезде қырғын-жойқын, төбелес пен нағыз шайқас басталған. Туысым үкімет үйінің терезесінен наразылық білдірушілерді қоршауға алып, автобустарға тиеп, кейін стадиондарға апарып қамағандарын көрген.
Кеңес Одағы болғандықтан, арнайы күштер біздікі емес — Ресейдікі еді. Сол жерден келген әуе-десанттық әскерлер. Десантшыларды айдап әкеліп, оларға сапер қалақшаларын беріп, қару қолдануға тиым салды. Тек соққылар, айқайлар мен шыңғырған дауыстар болды. Ал келіспеушілермен төбелес те болды. Сөйтіп жүгіріп жүргенде талайадамды таптап өткен болу керек.
Біздің машинист-әйелдердің бірі, сол алаңның жанында Мира көшесінде тұрып, соның бәріне куә болған. «Түнде әжем екеуміз балконнан арнайы жасақтың оларды қуып жатқанын қарап отырып, қатып қалдық», — деді. Гүрсіл-гүрсіл шумен оларды таяқ астына алған кезде, адамдардың барынша қашқанын айтты. Арнайы жасақтың сол халықтың бәрін алаңнан қуып жатқанын елестетіңіз. Ысқырық, айқай, гуіл, жылау — бәрі сонда болды.
Содан кейін біздің басқармада соғысып, күш көрсеткен ең белсенді демонстранттарды анықтау жұмыстары басталды. Барлық кабинеттер олардың фотосуреттеріне толы еді. Мәселен, бастықтың кабинетіне барасаң, ұзыннан ұзақ үстел үстінде қатарынан тізілген наразылық білдірушілердің түрлері бейнеленген фотосуреттерді көресін.
Осы фотосуреттер бойынша жұмыс жүріп жатты, барлығы оларға қарап: «Міне, мынаны мен көргем, ол күзетшілерді ұрды». Екінші жақтан біреу бір әйелге нұсқап тұрып, «О, мынау адамдарға атылды» деген. Мен: «Не, соншалықты қорқынышты ма?» десем. Ол: «Ия, менттерге бейне бір жыртқыш аңдай атылған», деп айтты. Оның тіпті бірнеше фотосуреті болды, бірінде қолын көтеріп тұрып, бірдеңе айқайлап жатқан, келесі фотосуреттерде енді басқа жерде тұрған.
Сөйтіп олар қай адам қай жерден көрініп қалғанын іздеп тауып отырды. Содан кейін кабинеттің басқа жағынан біреу «Міне, ол мына фотода да жүр», — деп айқай салатын. Осындай сараптау жұмыстары жүргізілді.
Суреттердің көпшілік арасында жүріп түсірілгендері де, алаңда тұрған биік ғимараттардың терезелерінен түсірілгендері де көрініп тұрды. Барлық ракурстардан алынған еді. Қазір бұл хрониканың қысқа үзінділері ғана көрсетіледі, ал сол кезде біз бәрін көрдік.
Суреттегі белсенділерді кейін ұсталғандардың арасынан іздестірдік. Онда мыңдаған ұсталғандарды стадиондарға әкеліп, аштан қатыруға аз-ақ қалған. Ол кезде барлық арнайы изоляторлар қамалғандармен толып қалған еді. Онда олар бірнеше күн ұсталды. Әрине, ақымақтықпен ұсталған студенттердің барлығын босатты.
Содан кейін үш-төрт жыл өте бізге 1986 жылы демонстранттардың бірі болған жас офицер Хатшылықтың бастығы болып жұмысқа келді. Сосын ол университетте деканат не профессурада плакаттар жазыңдар деп бұйырғанын айтып берді. Айтуынша, ол плакаттарда әркім қалаған нәрселерін жазды. «Ой, біз ол плакаттарда қазір орыстардың бәрін ойран етеміз деп жазып тастадық. Біз түні бойы жатақханаларда сол плакаттарды жаздық, содан кейін таңертең барлығы алаңға шықты… Одан кейін түсте алаңда не болып жатқанын көрдік, бәріміз сол жерде қатып қалдық, бәрінің үйге қайтқысы келді. Біз Үкімет үйінің алдынан бір өтеміз де, сонымен акция аяқталады деп ойладық. Ол жерде былық басталған кезде аса қуанбадық», — деп айтып берген.
Оны кейін сол үшін оқудан шығарып жіберіпті. Алаңға шыққан белсенділердің бәрі оқудан шығарылды. Деканат пен профессураға не болғанын, олардың жұмыстан шығарылған-шығарылмағанын айта алмаймын. Бірақ өзі жайлы айтқан кезде, жарты жыл бойы анти-қаһарман болғанын айтқан. Алты айдан кейін ол оқу орнына қайта оралып, сабағын жалғастырды.
Оның айтуынша, оларды тіпті ешкім ұстаған да жоқ, тек демонстрацияға қатысушылардың барлығын тізім бойынша институттан шығарып жіберді. «Біз жарты жыл бойы сабаққа барған жоқпыз, тіпті не істерімізді білмедік», — деп айтып отырған. Мен оған қалжыңдап: «Мәссаған, ұлтшылдың бізге жұмыс істеуге келіп, енді қасымызда шәй ішіп отырғанын қара», — дедім. Ол болса «Кешіріңіздер, мен сіздермен бірге жұмыс істейтінімді білмедім ғой, ол кездегі көзқарасымда қателестім», — деген. Уақыт өте біз ол оқиғаға күлетін болдық. Бұл тоқсаныншы жыл болған шығар, Одақ әлі құлаған жоқ еді.
Бірақ сол кезде шын мәнінде, қорқынышты болды. Оның үстіне ол қайғылы жағдайға кінәлі Горбачевтың өзі болатын. Бұл дұрыс емес саясат, Қонаевқа деген дұрыс емес көзқарас. Қонаев қанша жыл бойы Қазақстанды көтерген кәрі қайраткерлердің бірі болған. Қонаевқа көзі тірісінде ескерткіш қойылуы керек еді. Бүкіл Алматы аң-таң болған: «Бұл жерде лайықты адам табылмады ма? Лайықты қазақ ше? Неліктен Горбачев осы қайта құру кезеңінде мәселені шешу үшін қайдағы бір Разумовскийді жіберді?». Ол барлық орыс тілділерді Колбинді тағайындау туралы шешімімен осындай тығырыққа тіреді... Колбин деген кім?! Әрбір адам Колбиннің кім екені жайлы ойланды. Ешкімге белгісіз адамды қалай тағайындауға болады... әрине, мұның бәрі өте өкінішті әрі қорқынышты болды.
Аударған: Дана Тұрғынбай