Спортшы, қылмыс әлемінің серкесі, халықтың сүйіктісі. Алматыдағы қаңтар оқиғасынан кейін тұтқындалған «Жабайы Арман» туралы не білеміз
Александр Григорянц
Перевод
25 апреля 2022, 14:10

Спортшы, қылмыс әлемінің серкесі, халықтың сүйіктісі. Алматыдағы қаңтар оқиғасынан кейін тұтқындалған «Жабайы Арман» туралы не білеміз

Арман Жұмагелдиев. Instagram жеке парақшасынан алынған фото

Алматы қаласындағы қаңтар оқиғасы кезінде «Жайбайы Арман» лақап атымен белгілі, қылмыс әлемінің серкесі Арман Жұмагелдиев тұтқындалды. Оны жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырды деген айыппен екі айға тергеу изоляторына жіберді. Кейіннен Бас прокуратура оның қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде серіктестерімен бірге «кездейсоқ өтіп бара жатқан 24 адамды» ұрлап, полицейлерге шабуыл жасағанын мәлімдеді. Қорғаушылар айыптауларды негізсіз деп санайды, олардың пікірінше, «Жабайы Арманды» Алматыда өткен тәртіпсіздіктердің ұйымдастырушысы етіп көрсеткілері келеді. Александр Григорянц «Жабайы Арман» және оның қылмыстық ісі туралы әңгімелейді.

Қонақ үйдегі тұтқындау

Полиция қызметкерлері Арман Жұмагелдиев пен оның алты сыбайласын 7-ші қаңтар күні Алматыдағы «Қазақстан» қонақ үйінде тұтқындады. ІІМ жариялаған операция кадрларында теріс қарап тұрған қара капюшонды ер адамдар мен еденде отырған «Жабайы Арман» бейнеленген. Қауіпсіздік қызметкерлері күдіктілердің қарсыласқанын, алайда олардың талпыныстары сәтсіздікке ұшырағанын атап өтті. Күдіктілерден әр түрлі калибрлі төрт тапанша, оқ-дәрілер, суық қару және брондалған көлік тәркіленді.

Адвокат Талғат Есімов қамауға алу кезінде «Жабайы Арман» өзінің заңгерлерін шақыртуды талап еткенін, алайда полицейлер бұл өтінішті елемей, қорғаушыларды хабардар етпегенін атап өтті. «Осылайша полицейлер оның қорғануға деген құқығын бұзды. Арнайы операциядан кейін қорғалушымыздың нақты қайда орналастырылғаны туралы да бізге хабарланбады», — деп толықтырды Есімов.

Жұмагелдиев Алматы полиция департаментінің УҰИ-на орналастырылды, алайда бірнеше күннен кейін ол сот ісін жүргізу үшін арнайы ұшақпен Астанаға жеткізілді. Айыпталушыны соттау үшін неліктен басқа қалаға апару керек екені қорғаушылар үшін түсініксіз болды.

Тек 11-ші қаңтар күні қазақстандық БАҚ өкілдері Астананың мамандандырылған ауданаралық тергеу соты «Жабайы Арманды» екі айға қамауға жібергенін хабарлады. Алайда тергеу барысында қылмыс серкесі қандай себеппен тұтқындалғанын ешкім ашып айтқан жоқ. Тек 25-ші қаңтарда ғана қорғаушы Евгений Яворскийдің өтінішхатының арқасында айыптау фабуласы белгілі болды. Бас прокуратураның ресми жауабына сәйкес, «Жабайы Арманға» қарсы қаңтар айының басында болған тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру фактісі бойынша іс қозғалған.

Бұлтартпау шарасы бойынша өткен соттан кейін Жұмагелдиевті Алматыға қайта әкелді. Сол кезде қорғаушылары онымен тағы екі мәрте кездесіп үлгерді. Олар «Жабайы Арманды» ұстау жағдайында ешқандай құқық бұзушылық болмағанын, тіпті оның тергеу ісіне атсалысып, куәлік беру жоспары бар екендігін айтып жеткізді. Алайда, 2-ші ақпан күні қорғаушылар «Жабайы Арманды» түнде Алматы тергеу изоляторынан белгісіз бағытта алып кеткенін айтты. Заң бойынша қорғаушыларға клиенттің кез-келген қозғалысы туралы хабарлануы міндетті болғанына қарамастан, Есімовке де, оның әріптестеріне де бұл туралы ескертілген жоқ.

«Тергеу тобының жетекшісі бізді тергеу кезінде Арманды полиция изоляторына орналастырып, ол жерден ешқайда көшірмейтініне сендірген. Біз оған Жұмагелдиевтің қайда көшірілгенін білейін деп хабарласқан кезде, оның өзі де бейхабар болып шықты. Сөйтіп оны қаланың барлық дерлік тергеу изоляторларынан іздеуге тура келді», — деп ашынды Есімов.

Жұмагелдиевтің тұтқындалуы. Фото: Қазақстан Республикасы ІІМ

«Жабайы Арман» құқық қорғау органдарындағы дереккөздердің арқасында сол күні кешке табылды. Оны 1-нен 2-ші ақпанға қараған түні прокурордың санкциясымен ҰҚК Департаментінің УҰИ-ға жасырын түрде тасымалданғаны белгілі болды. Есімов 3-ші ақпанда қорғаушылар Жұмагелдиевпен кездесуге барған кезде, «техникалық күн» деген сылтаумен, изоляторға кіре алмағандарын еске алады. «Медиазонамен» әңгіме барысында Есімов мұны адвокаттық қызметке кедергі келтіру деп атады.

Келесі күні қорғаушылар тобының тағы бір заңгері Талғат Сафаров ҰҚКД қабырғасында жабайы Арманмен кездесе алды. Қорғаушы қамауда ұстау шарттарын жағдайды адамтөзгісіз деп атады. Заңгердің айтуынша, қазақстандықты сырт киімімен жүруге мәжбүр еткен карцер тектес өте суық әрі тар камераға орналастырған.

«Митингідегі шабуыл салдарынан миы шайқалған, мұздай карцерде жатқандықтан суық тигізіп алған ол өзін нашар сезінді. Кінәсі әлі дәлелденбеген оны, неліктен құқық бұзушылар отыратын жерде ұстап отырғандары белгісіз. Бұл психологиялық қысым жасау үшін жасалуы мүмкін, өйткені бұл азаптауға теңестірілетін барлық халықаралық стандарттардың бұзылуы», — деді заңгер.

Қылмыс әлеміне аяқ басу

Қаңтар толқуларынан кейін қозғалған қылмыстық іс Жұмагелдиев үшін біріншісі емес еді. Қылмыс әлемінің болашақ серкесі Шымкентте туып, жастайынан бокспен айналысқан. Кейбір дереккөздерде оның әлем чемпионатының күміс жүлдегері болғанын және спорттық жетістіктері үшін 16 медальмен (оның ішінде 10-ы алтын) марапатталғаны атап өтілген.

Алайда Жұмагелдиев спортты тез тастап кетті. Бұрынғы полиция полковнигі Бекет Аймағамбетов «Время» газетіне берген сұхбатында Жұмагельдиевті «адамды себепсіз ұрып тастай алатын тәуекелшіл, тайсалмайтын жігіт» ретінде сипаттаған. Оның пікірінше, Арманды сол себепті «жабайы» атап кеткен.

«Жабайы Арманның» есімі алғаш рет баспасөзде 2003 жылы аталды. Ол кезде Жұмагелдиев пен оның оншақты құрдасы Шымкент қаласында екі жас жігітке шабуыл жасады. Олардың бірі ішіне тиген оқ жарақатымен түсті. Шабуылдан кейін полиция қылмыстық іс қозғағанымен, іс сол күйі сотқа жеткен жоқ. Жабайы Арман болса қашқынға айналды.

Екі жылдан кейін оның есімі тағы атала бастады. Бұл жолы «Жабайы Арман» бір топ жігітпен бірге алматылық «Турист» қонақ үйінде өткен «Әділетті Қазақстан үшін!» оппозициялық қозғалысының конференциясына басып кірді. Куәгерлердің айтуынша, шабуылдаушылар ақсақалдарды үстел астына тығып, оппозиция жетекшілерін соққыға жығуға тырысты. Алайда оларға оққағарлар төтеп бере алды. Жұмагелдиев тұтқындалып, кейіннен бұзақылық үшін шартты түрде сотталды.

2008 жылы Жұмагелдиев Шымкент сыра зауытының бұрынғы иесі, ықпалды қазақстандық олигарх Тоқтар Төлешовке қарсы «қылмыстық соғыс» бастаған кезде әлдеқайда күрделі жағдай орын алды. Сол кезде Шымкенттің дәл ортасында жабайы Арманға қастандық жасалды. Атыс кезінде оның екі оққағары қаза тауып, өзі аяғынан жарақат алған. БАҚ ақпаратына сәйкес, қақтығыс Шымкенттің түнгі клубтарының бірінде орын алған Жұмагелдиев пен Төлешовтың екі қызы арасындағы жанжалдан басталған.

Шабуылдан кейін жабайы Арман біраз уақыт бойы Қырғызстанда жасырынып жүрді. Шетелде жүргенде ол өлтірушілерді анықтап, сыбайластарына «олардан құтылуды» тапсырды. 2008 жылдың қараша айында 24 жастағы Жұмагелдиев Қазақстанға оралып, кейіннен кісі өлтірді деген күдікпен Алматы қаласында ұсталды. Одан оқ-дәрі мен есірткі тәркіленді. Сол кезде ол алғаш рет нақты мерзім алды — колонияда үш жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

«Комсомольская правда» газетінің жазуы бойынша, түрмеде отырған кезінде жабайы Арман Орталық Азия елдері мен Түркиядан Ресей және Украинаға жемістер мен есірткі тасымалын бақылайтын Лоту Гули лақап атымен белгілі әзірбайжандық Надир Салифовпен танысқан. Колониядан босатылған «Жабайы Арман» Түркияға кетіп, сол жақта Салифовпен ынтымақтастығын жалғастырды.

Қарақшыдан Робин Гудқа

Түркияда «Жабайы Арман» өзінің қоғамдық имиджін қылмыстық авторитеттен «әділдік төрешісі» және блогерге дейін түбегейлі өзгерте бастады. 2019 жылдың күзінде ол өзінің Instagram парақшасында «Барыс және қасқыр» челленджін бастап, қазақстандықтарды өздерінің мәдениеті мен бірлігін есте сақтауға шақырды. Оған қазақстандық шоу-бизнес жұлдыздары ғана емес, ресейлік ММА спортшысы Хабиб Нурмагомедов та қосылды.

Жабайы Арман мұнымен тоқтап қалмады. Бір жылдан кейін ол «Гарант 24 Ломбард» қаржы пирамидасының ұйымдастырушысынан көрнекі түрде «жауап алды». Қауіпсіздік қызметкерлерінің есептеуінше, компания қызметінен 17 мың қазақстандық зардап шеккен. Жұмагелдиев оны балағаттап, қорқытып камераға болған істі түсіндіріп, халық алдында кешірім сұрауға мәжбүрледі. Бір қызығы, ол кезде күдікті қаржы пирамидасы туралы қылмыстық істі тергеген Қазақстан полициясының сұрауы бойынша Молдовада қамауға алынған болатын.

Өзіне деген халық сүйіспеншілігін одан ары арттыруға оған коронавирус пандемиясы көмектесті. 2020 жылдың жазында Қазақстанда дәрі-дәрмектердің тапшылығы байқалып, ауруханалар толып қалған кезде, Жұмагелдиев еліміздің түрлі өңірлеріне қажетті препараттарды тегін жеткізді. Оларды тек мұқтаж қазақстандықтарға ғана емес, медицина қызметкерлеріне де таратып берді. Әлбетте ол дәрігерлер мен аурухана қызметкерлерінің ризашылықтарын видеоға жазып, өзінің Instagram парақшасына жариялап отырды.

Жабайы Арман мен 2021 жылғы бокстан әлем чемпионатында бақ сынаған қазақстандық спортшылар. Фото: Instagram-дағы жеке парақшадан

«Жабайы Арман» 2021 жылы сербиялық Белградта бокстан өткен әлем чемпионатында да көзге түсті. Ол жарыста жеңіліс тапқан қазақстандық спортшыларға сыйақы беру туралы шешімі арқылы тағы да жаңалықтар бетінен көрінді. «Жабайы Арман» боксшылардың әрқайсысына 2 мың доллардан табыс етіп, бұл оның жеке бастамасы екенін және оны өз қалтасынан төлегенін айтып өтті. Марапаттаудың бейнежазбасы көпшіліктің қызу талқысына түсті. Көптеген қазақстандықтар халықаралық жарысқа қатысушы спортшылардың арасында қылмыс серкесі ретінде танымал адамның жүргенін түсінбеді.

Жұмагелдиев Қазақстан бойынша толқуларға ұласқан қаңтар митингтерін де елеусіз қалдырмады. 5-ші қаңтарда ол Instagram парақшасына халқын қолдау үшін Алматыға келгені жайлы видео жариялады.

«Уа, халқым! Мен сендермен біргемін. Мен Үкіметке нақты талаптар қойғанымызды және Үкімет өз халқының үніне құлақ асқанын қалаймын. Аласапыран, бейберекет болмауы үшін, қан төгілмеуі үшін [мен] бейбіт наразылықтарды қолдаймын. Полицейлер де, әскерилер де — біздің баурларымыз», — дей отырып, «Жабайы Арман» қазақстандықтарға ДВК көшбасшысы Мұхтар Әблязов сияқты «арандатушылардың» шақыруына көнбеу керектігін ескертті.

Көптеген адамдар Жұмагелдиевті қолдап, жазбаның астында «Дұрыс сөздер», «Дөп бастың», «Шығып бәрін тыныштандырыңызшы, сіздің сөзіңіздің салмағы бар ғой» деген сынды жауаптар қалдырған.

Келесі күні, 6 қаңтарда, «Жабайы Арман» Алматы қаласындағы Республика алаңында наразылық білдірушілердің алдында тұрып сөз айтқан видеосы пайда болды. Алайда, бұл жолы оның сөздері көпшіліктің көңілінен шықпай, нәтижесінде соққыға жығылды. Осы оқиғадан кейін «Жабайы Арман» бүлікшілер ішімдік пен есірткіге масайған күйде шыққанын мәлімдеді.

Сәтсіз өткен диалогтан кейін «Жабайы Арман» өзге жол таңдап, Алматыда азық-түлік тапшылығы басталған кезде мұқтаж жандар үшін азық-түлік үлестіруді ұйымдастырғанын хабарлап Instagram-да кезекті видеосын жариялады. Ол көмекшілерімен бірге екі мың адамға арналған азық-түлік жинағын сатып алып, алматылықтарға оны «Қазақстан» қонақ үйінен алып кетуді ұсынды.

Тағылған кінә

Ұсталғаннан кейін бір ай өткен соң, 7-ші ақпан күні Бас прокуратура брифингінде «Жабайы Арманға» тағылған жаңа айыптар жайлы ақпарат ашылды. Арнайы прокурорлар қызметінің бастығы Ризабек Ожаров Алматыда қаңтар айындағы толқулар барысында қылмыс серкесі мен оның сыбайластары 24 «кездейсоқ өтіп бара жатқан адамды» ұрлап кеткенін, олардың бірі жазым болғанын хабарлады. Сондай-ақ, оның айтуынша, жабайы Арманның серіктестері полиция қызметкерін аяусыз ұрып-соғып, қызметтік қаруын тартып алған.

Ұрланғандардың бірі 6-шы ақпанда «Жабайы Арман» мен оның серіктестері митингіге қатысушы бірнеше адамды ұстап алып, «Қазақстан» қонақ үйіне апарғанын, ондағы балрум залында бірнеше сағат бойы ұрып-соғып, «түрлі қатыгездік жасаған тонаушылар"деп бәрін камераға түсіргенін анонимді түрде «Азаттыққа» айтып берді. Зардап шегушінің айтуынша, Жұмагелдиевтің адамдарымен бірге ол жерде Алматы мәслихатының депутаты Қайрат Құдайберген де болған.

«Азаттық» дереккөзі осыдан кейін наразылық білдірушілерді Жетісу ауданындағы қойма контейнерлерінің біріне апарып қамап, қайтадан ұрып-соққанын еске алады. Келесі күні таңертең арнайы күштер келіп, ұрланған адамдарды келдекпен ұрғылап полицияға алып кетті. Куәгердің айтуынша, қауіпсіздік күштерінің қатыгез әрекеттерінің салдарынан митинг митингіге қатысушылардың бірі қайтыс болды Алайда, Бас прокуратура бұған «Жабайы Арманның» адамдарын кінәлады.

Жұмагелдиевтің адвокаты Талғат Есімов жаңа айыптаулар ол үшін нағыз шок болғанын, өйткені кезінде олар ресми түрде қозғалмағанын айтады. Оның пікірінше, қадағалау басқармасы баспасөзді жаңылыстырғанымен қатар рұқсат етілген қылмыстық іс жүргізу нормаларының бәрін бұзып отыр.

«Біз кінәсіздік презумпциясы әрекет ететін құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз, ал біздің басты қадағалау органымыз біліктілігіміз де, шешімі де жоқ нәрсе үшін айыптап жатыр. Бас прокуратураның істеп жатқаны — қос стандарттылық пен тергеу органдарының заңсыз әрекеттері арқылы БАҚ өкілдерін жаңылыстыру. Олар бізден жария етпеу туралы келісімді талап етеді, ал өздері тергеу құпиясын ашып отыр», — деп кейіді Есімов.

Қазір Жұмагелдиевтің қорғаушыларында Арманның тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруға, ұрлауға немесе қару-жарақ тасымалдауға кінәлі екендігі туралы нақты дәлелдер ұсынылмаса да митингілер бойынша барлық айыптауларды соған ілгісі келеді деген күдік пайда болды. Олардың пікірінше, тіпті заңгерлік білімі жоқ адамның өзі жабайы Арманның бүлікті ұйымдастыруға емес, керісінше оларды доғаруға тырысқанын логикалық түрде түсіне алатынын алдыға тартты.

«Әлеуметтік желілердегі бірнеше видеода оның көпшілікті тыныштандыруға тырысқаны жазылған. Сонымен қатар, Жұмагелдиев серіктестерімен бірге Esentai Mall сауда орталығы мен Алматының бірнеше ауруханасын күзетуді жүзеге асыруға тырысты. Ол тіпті бірнеше полиция қызметкерін бүлікші топтан құтқарғаны туралы мәліметтер бар. Ақыр соңында, ол тіпті ҰҚК-нің арнайы агенті деп айыпталып, алаңда ұрып-соғылды», — деп қосты Есімов.

Қорғаушылар «Жабайы Арман» ісінің саяси астары болуы мүмкін екенін мойындайды, бірақ олай емес деп үміттенеді. Есімов өзінің қорғауындағы адам әрқашан қазіргі үкіметті, атап айтқанда, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағытын қолдағанын айтады.

«Ол атқарған еңбегі үшін медальмен марапатталамын деп ойлады, алайда барлық күнәні оған таңып, айыпты еткісі келетініне ренжіді. Тергеу мәліметтері бойынша оның бұл митингілерді қалай ұйымдастырғанын түсіну үшін айыптау механизмін [түсіндіруді] талап етеміз. Сондай-ақ біз оның тәртіпсіздікті ұйымдастырмағанын, керісінше жағдайды реттеуге тырысқанын дәлелдеу үшін қолда бар бейнежазбалар бойынша бірқатар сараптама тағайындауды жоспарлап отырмыз», — деп қорытындылады адвокат.

Аударған: Дана Тұрғынбай